17 шіл, 2018 сағат 11:59

4 жастағы баланы көлігімен қағып, тал түбіне тастап кеткендер іздестірілуде (Видео)

Алматы полициясы тал түбінен ес-түссіз жатқан жерінен табылған 4-жастағы баланың жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шығыс айналма жолына жақын аймақта болған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Қазір бұл іспен Медеу аудандық ІІБ жанындағы полиция бөлімі айналысып жатыр.

«Кешенді жедел және тергеу шараларының арқасында жүргізушінің кім екендігі, автокөлік маркасы анықталады. Күдікті тұлға ҚР ҚК заңнамасына орай жауапқа тартылады», - деді баспасөз қызметінен.

Айта кету керек, жантүршігерлік оқиға кеше Алматыдағы шығыс айналма жолына жақын Брянская көшесінде болған. 4 жастағы баланы көлік қағып, қан жоса болған күйде көрпеге орап, тал түбіне қалдырып кеткен.

Ата-анасы бірнеше минут өткен соң ғана баланы жүздеген метр қашықтан тауып алған.

Ал дәрігерлер бүлдіршіннің жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр. Қазір ұл бала жансақтау бөлімінде комада жатыр. Медицина мамандары баланың өмірін арашалап қалуға барын салуда.

Ал Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген баланы қаққандарды тауып, жазалауға барын салуға уәде берді.

Бұл туралы ол Фейсбуктегі парақшасында жариялады.

«Мен әкесіне хабарластым. Қазір ол баласының амандығын ойлап, жансақтау бөлімін қарауылдап жүр. Мен өз кезегімде барынша материалдық көмек беруге уәде бердім. Ал дәрігерлер өз жұмысын 100 пайызға атқаратынына сенемін. Мен Мәслихат депутаты ретінде кінәлі адамды тауып, заң бойынша жазалауға барымды салуға уәде беремін», - деді ол.

Депутат жол апатының куәгерлері болса, өзіне тікелей жазуын өтінді.