Сурет: Голос народа
Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Бас прокуратура басқа да жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті кешенді шаралар атқаруда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Негізгі мақсат – мұндай активтерді Қазақстан тұрғындарының игілігі үшін заңды айналымға шұғыл тарту.
Активтерді қайтару процесі қатаң түрде Заңға сәйкес және Заңның өлшемшарттарына сәйкес келетін адамдарға ғана қатысты жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Бас прокуратура елдегі 1 мыңнан астам және шетелдегі 150-ден астам мүлік объектілері туралы мәліметтерді талдауда. Талдаумен тағы 600 млрд теңгенің бағалы қағаздары қамтылған. Елімізде 200-ден астам және шетелде 140 банк шоттары анықталды. 2 трлн теңгеге жуық күдікті транзакциялар тексерілуде.
Осы жұмыстың нәтижесінде Премьер-Министрдің басшылығымен Комиссия 325 млрд теңгеден астам сомаға активтерді мемлекетке қайтару туралы келісімдер мен талап қоюларды мақұлдады, оның ішінде 272 млрд теңге теңгеріміндегі ақшалай қаражат. Олар маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады.
Сондай-ақ еліміздегі және шетелдегі құны 50 млрд теңгеден асатын активтер мемлекетке берілді. Олардың ішінде бірқатар стратегиялық кен орындары, монополистік компаниялар, ондаған мың гектар жер, сондай-ақ өндіріс объектілері, қонақ үйлер, бизнес орталықтары, виллалар, пәтерлер, сәнді көліктер, зергерлік бұйымдар және тағы басқалар.
Бұдан басқа, Тізілімнің кейбір субъектілері өз еркімен жалпы құны 30 млрд теңгені құрайтын жоғары технологиялық инвестжобаларды жүзеге асыруға міндеттеме алды. Олардың ішінде құбырлар, қаптамалар, химиялық, азық-түлік және т.б. өнімдерді шығаратын өндіріс объектілері. Осылайша, кемінде 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда, жылдық салық төлемдері 1 млрд теңгеден астам болуы тиіс.
Активтерді қайтару процесінің тағы бір маңызды бөлігі - әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру. Мәселен, Тізілімдегі тұлғалар өз еркімен қызметтерін ерекше қажеттіліктері бар адамдар және басқа да әлеуметтік осал топтар тегін пайдалана алатын, құны 5 млрд теңгеден асатын заманауи мәдени-ағарту орталығын салынуға міндеттеме алды.
Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің мәжбүрлеп қайтару тетіктерін іске асыру шеңберінде көптеген, оның ішінде пайда болуы түсініксіз активтерге қатысты талап қоюлар берілді.
Олардың бірі бойынша 11 млн АҚШ долларынан астам қаржыны, сондай-ақ 400 млн теңге сомасына зергерлік бұйымдар мен мәдени құндылықтарды мәжбүрлеп қайтару туралы сот шешімі қабылданып, күшіне енді.
Жалпы, 2022 жылдан бастап экономиканы демонополизациялау шараларын қоса алғанда жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңгенің активтері, оның ішінде шетелден 750 млн АҚШ доллары мемлекетке қайтарылды.
Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.