18 ақп, 2026 сағат 15:56

3,1 млрд теңге: заңсыз ойын платформасының ісі әшкереленді

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан аумағында мыңнан астам құмар ойын түріне қолжетімділік ұсынған «bingo37.pro» интернет-сервисінің заңсыз қызметі анықталды.

Аталған платформа арқылы «Crazy Monkey», «Keno», «Euro Game» және өзге де танымал ойындар ұсынылған. Ойыншыларды тарту жұмыстары Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы жүргізілген. Жарнамалық фото және бейнематериалдар, түрлі акциялар мен бонустық бағдарламалар туралы ұсыныстар таратылып, қолданушыларға жеңіл әрі жылдам ұтысқа қол жеткізуге болады деген түсінік қалыптастырылған.

Ақша аударғаннан кейін ойыншыларға платформаға кіруге арналған логиндер мен құпиясөздер беріліп отырған.

Тергеу мәліметінше, қаражат қабылдау және қаржы ағындарын жасыру мақсатында күдікті Грузия мен Тәжікстан азаматтарын — дроперлерді тартқан. Олар Қазақстанға арнайы келіп, өз атына банк шоттары мен абоненттік нөмірлер тіркеген. Кейін бұл шоттар мен нөмірлерге қолжетімділік ұйымдастырушыға берілген.

Нәтижесінде дроперлердің атына рәсімделген есепшоттар арқылы 3,1 млрд теңгеден астам қаражат айналымға түскен.

Сот қаулысымен үшінші тұлғалардың атына тіркелген екі автокөлік — PORSCHE CAYENNE және LEXUS GX 460 мемлекет кірісіне тәркіленді.