Фото: Хабар24
Өскемен қаласында полиция қызметкерлері көлік сату сылтауымен азаматтарды алдап келген және 4 жылдан астам уақыт бойы халықаралық іздеуде жүрген ер адамды ұстады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, 48 жастағы күдікті 2022 жылдан бері бірнеше алаяқтық дерегі бойынша іздеуде болған. Ол автокөлік сату желеуімен әрекет етіп, азаматтарға «тиімді шарттармен» көлік ұсынып, алдын ала төлем алғаннан кейін уәдесін орындамай отырған.
Кей жағдайларда ол жәбірленушілерге ақшаның бір бөлігін қайтарып, мәміленің заңды екендігіне сендіруге тырысқан. Соған қарамастан, оның әрекеттерінен келтірілген жалпы материалдық шығын 30 миллион теңгеден асқаны анықталды.
Тергеу барысында күдіктінің алаяқтық схеманы күрделендіру үшін үшінші тұлғаларды тартып, олардың атына қарыз шарттарын рәсімдегені белгілі болды. Ақша беру рәсімдері кейде нотариустардың қатысуымен де жүргізілген.
Бұған дейін де алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған ер адам қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
