24 қаз, 2025 сағат 17:03

25–27 қазан: Республика күні демалысында қайда баруға болады?

Фото: dalanews.kz


Қазақстанда 25 қазанда ұлттық мереке – Республика күні аталып өтеді. Биыл Республика күні сенбіге түсіп отыр. Бұл демалыс күнін дүйсенбі, 27 қазанға ауыстыру есебінен қосымша бір күн демалыс береді. Нәтижесінде қазақстандықтар үш күн қатарынан: 25, 26 және 27 қазанда демалады. Осы орайда Ult.kz демалыс күндері Астана мен Алматыда демалыс үшін баратын жерлерді ұсынады.

 

Биыл Республика күні аясында еліміздің қос мегаполисі Алматы мен Астана тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше мазмұнды әрі кең ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленген. Қала көшелері мен мәдени нысандарда отбасылық серуендер, жәрмеңкелер, концерттер мен экологиялық акциялар өтіп жатыр.

 

Астанада өтетін шаралар

 

Елорда тұрғындары үшін де Республика күні ерекше көңіл-күй сыйламақ. 25 қазан күні Есіл жағалауында, Mega Silk Way және Abu Dhabi Plaza орталықтарында концерттер мен жаппай марафон өтеді. Сол күні А.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма театрында «Сәйгүлік» қойылымы көрерменге жол тартпақ.


25–27 қазан аралығында «Дәулет» теннис орталығында әуесқойлар арасында турнир өтеді. Қала алаңдарында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер мен халықтық серуендер ұйымдастырылады.

 

Демалатын орындар

 

Астаналықтар үшін Central Park, Presidential Park, Triathlon Park және Есіл жағалауы – отбасылық демалыстың сүйікті мекендері. Ал мәдениет жанкүйерлері Ұлттық музейге, EXPO аймағындағы көрмелерге және Astana Opera сахнасына ат басын бұра алады.


Кешкі уақытта Бәйтерек алаңы мен Love Park романтикалық серуен үшін ерекше атмосфера сыйлайды. Қаланың аспанмен астасқан шамдары мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттырып, Республика күнін ел тәуелсіздігінің, бірліктің және жаңа жетістіктердің нышаны ретінде айшықтай түседі.

 

Алматыда өтетін шаралар

 

25–27 қазан аралығында Алматыда Республика күнінің 35 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтеді. Мереке 25 қазанда сағат 11:00-де «Медеу» спорт кешенінде Мемлекеттік Туды көтеру және Әнұранды орындау рәсімінен бастау алады. Осыдан кейін Республика сарайының алдындағы алаңда «Атамекен» патриоттық акциясы ұйымдастырылмақ.


Қаланың басты мерекелік алаңдарының бірі — Жібек жолы көшесінде өтетін қолөнершілер мен суретшілер жәрмеңкесі. Мұнда сәндік-қолданбалы өнер туындылары, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен заманауи шығармашылық үлгілер ұсынылады.


Ал қаладағы он ірі сауда және ойын-сауық орталықтары — Forum, Aport Mall East, MEGA Almaty, Moskva Metropolitan, MEGA Park, Mart, Grand Park, Sputnik, Asia Park сияқты орындар келушілерге концерттер, жәрмеңкелер, балаларға арналған бағдарламалар және арнайы жеңілдіктер ұсынады.


Республика күніне орай ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Қазыбек би көшесінде (Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейін) үш күн бойы жалғасады. Онда төрт өңірден келген 15 ауданның фермерлері мен ауыл шаруашылығы өндірушілері 400 тоннаға жуық өнім ұсынады. Ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек және басқа да 50-ден астам өнім түрін алматылықтар таңғы 08:00-ден кешкі 17:00-ге дейін тікелей өндірушіден сатып ала алады.

 

Мәдени орындар

 

Алматылықтар мен қала қонақтары үшін мереке күндері табиғат аясында тынығуға да тамаша мүмкіндік бар. Күзгі бояуға бөленген Ботаникалық бақ пен Орталық мәдениет және демалыс саябағы жаяу серуендеуге өте қолайлы болса, Президент саябағы мен Жароковтағы скверлер қала ортасындағы тыныштық мекені іспетті.


Мәдениет сүйер қауым үшін Қастеев атындағы өнер музейі, Aspan Gallery, Arvest галереялары заманауи және классикалық өнер көрмелерін ұсынады. Кешкі уақытта Абай атындағы опера және балет театры мен Philarmonic Hall сахналарында мерекелік концерттер мен қойылымдар өтеді.