Салықтық рақымшылық аясында 242 мыңнан астам Қазақстан азаматы 5,3 млрд теңге борышын өтеді. Есептен шығарылған өсімпұл 1,13 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бір апта ішінде салықтық рақымшылық мүмкіндіктерін пайдаланған азаматтардың саны 65 322 жеке тұлғаға өскен. Осы уақыт аралығында олардың 254,4 млн теңге көлеміндегі өсімпұлы есептен шығарылды. Салықтар бойынша қарыздарын өтеген азаматтардың ең көбі Алматы қаласында (42 500), Қостанай (28 137) және Ақтөбе (25 391) облыстарында тұрады.
Негізгі қарызды өтеу бойынша көшбасшылар - Алматы қаласы (3 млрд теңгеден астам), Қостанай (451,1 млн) және Алматы (220,6 млн) облыстары. Өсімақыны есептен шығару бойынша ең үлкен сома - Алматы қаласы (533,1 млн), Павлодар облысы (145,1 млн), Нұр-Сұлтан қаласы (72,4 млн).
«Жалпы, 1,4 миллионға жуық адам рақымшылыққа ілігіп, 13,9 млрд теңге көлемінде қарыздың негізгі сомасын төлеген жағдайда, 6,3 млрд теңге көлемінде өсімпұл есептен шығарылады. Салық төлеушілер борыштарының бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында немесе мына сілтеме бойынша тексере алады», - делінген комитет ақпаратында.