11 жел, 2025 сағат 15:34

2026 жылғы теңге–доллар бағамы: Сарапшылар болжамы мен күтпеген трендтер

Фото: inbusiness.kz


Биыл соңында Қазақстан қаржы нарығындағы сарапшылар мен институттар 2026 жылға USD/KZT курсында белгілі бір даму сценарийлерін болжайды. Қазіргі трендтерге қарап, орташа перспективада теңге әлсірейді, доллар бағамы өседі деп күтілуде. Қысқа мерзімді болжам бойынша, жыл басында теңге қысқа уақытқа нығайып, доллар бағамы шамамен 517-520 теңге деңгейінде болуы ықтимал. Бұл қысқа мерзімді факторлар – Ұлттық Банк интервенциялары, салықтық кезең және валюталық ағындар әсерінен байқалады. Осы орайда, Ult.kz тілшісі экономист Бауыржан Ысқақовпен бірге «2026 жылы теңге өсе ме, доллардың бағамы қандай болады?» деген мәселені талдап көрді.


Сарапшының айтуынша, қазіргі макроэкономикалық жағдай мен халықаралық нарықтағы негізгі трендтерді ескерсек, оптимистік сценарий бойынша 1 доллардың бағасы 460-480 теңге шамасында болуы мүмкін. Ал егер пессимистік сценарийді қарастырсақ, 1 доллар 500-535, тіпті 540 теңгеге дейін жетуі ықтимал.


«Бұл диапазон теңгенің шамамен 20 пайызға дейін құбылу мүмкіндігін көрсетеді. Бұған, әрине, мұнай бағасы, Ұлттық банктің саясаты және сыртқы капитал ағымдары тікелей әсер етеді. Екінші сұраққа байланысты: жалпы біздегі 2026 жылғы теңге бағамына ықпал ететін негізгі макроэкономикалық фактор бұл мұнай бағасы. Қазақстан экономикасы мұнай экспортына айтарлықтай тәуелді.
Экспорт құрылымының 50 пайыздан астамы мұнай. Сондықтан мұнай бағасының өсуі теңгенің нығаюына, ал төмендеуі құнсыздануына тікелей ықпал етеді. Екінші маңызды фактор сыртқы сауда балансы. Экспорттық түсімнің артуы теңгені қолдайды, ал импорттың өсуі валютаға сұранысты арттырып, теңгеге қысым түсіреді. Үшінші фактор шетелдік инвестициялар. Елге инвестиция ағылса, доллар ұсынысы көбейіп, теңгені нығайтады
Ал керісінше, инвестицияның азаюы немесе капиталдың сыртқа кетуі валютаға сұранысты арттырып, теңгенің әлсіреуіне әкеледі. Төртінші фактор ретінде инфляция мен ішкі экономикалық өсімді айтуға болады. Жоғары инфляция ұлттық валютаға қысым жасайды, ал тұрақты экономикалық өсім, өндіріс пен экспорттың артуы теңгенің күшеюіне ықпал етеді.
Бесінші фактор мұнайдан бөлек негізгі экспорттық тауарлардың бағасы. Металл, уран және басқа да шикізат бағасының өсуі экспорт кірістерін арттырып, теңгеге оң әсер етеді», – дейді Бауыржан Ысқақов.


Фото: Бауыржан Ысқақовтың жеке мұрағатынан


Экономистің айтуынша, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты мен оның теңгеге ықпалына келсек, егер 2026 жылы инфляция 5-7 пайыз деңгейінде тұрақталса, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тұрақты ұстап тұруы немесе біршама төмендетуі мүмкін. Бұл несенің қолжетімділігін арттырады және экономикалық белсенділікке оң ықпал етеді.


«Бірақ қысқа мерзімде мұндай қадам теңгеге қысым түсіруі ықтимал. Сонымен қатар валюталық интервенциялар бар: нарықтағы доллар тапшылығы немесе артықшылығын реттеп, теңгені тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Үшінші ақша массасын реттеу. Ақша ұсынысының қысқаруы инфляцияны ұстап, теңгені қолдайды, ал артуы қысқа мерзімді инфляция мен валютаға қысым әкелуі мүмкін.
Қорытындылай айтқанда, Ұлттық банктің саясаты теңгені тұрақтандыруға бағытталғанымен, мұнай бағасы мен сыртқы факторларға тәуелділік әлі де жоғары», дейді экономист Бауыржан Ысқақов.


Сарапшының сөзінше, мұнай бағасының теңгеге әсерін былай түсіндурге болады: мұнай бағасы бір баррель үшін 80-100 доллар аралығында болса, теңге салыстырмалы түрде тұрақты болады.


«Ал 70 доллардан төмендеп кетсе, теңге әлсіреуі мүмкін. Қазақстанның валюталық резервтері мен Ұлттық қор активтері мұнай бағасы құлдыраған жағдайда қысқа мерзімде теңгені қолдауға мүмкіндік береді. Бесінші сұраққа қатысты: оптимистік нұсқада мұнай бағасы жоғары болып, экспорт түсімі артып, инфляция тұрақталса, доллар 480 теңге төңірегінде болуы ықтимал. Ал мұнай бағасы төмендеп, капиталдың кетуі немесе сыртқы экономикалық дағдарыстар орын алса, доллар 540 теңгеге дейін қымбаттап кетуі мүмкін.
Шетелдік инвестиция ағыны теңгені қолдап, доллар сұранысын төмендетеді. Ал капиталдың сыртқа кетуі керісінше валюта бағамының өсуіне себеп болады. Сонымен бірге шетелдік инвестициялардың аграрлық, тау-кен, қаржы секторы үшін маңызы артып келеді», – дейді Бауыржан Ысқақов.


Осы орайда, «импорт-экспорт балансындағы өзгерістер теңгенің құнсыздануына немесе күшеюіне себеп бола ала ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Сарапшының айтуынша, импорт-экспорт балансының өзгерістері, егер экспорт импорттан артық болса, теңге нығаяды. Ал импорт көлемі экспорттан асып кетсе, валютаға сұраныс.

12 айға есептегенде қаржыгерлер мен нарық қатысушылары доллар курсының 550-555 теңге аралығында болуы мүмкін деп болжайды. Бұл теңгенің әлсіреуі экспорттық түсімдердің төмендеуі, импорттың өсуі және Ұлттық қордан түсімдердің қысқаруына байланысты.

Ақбота Мұсабекқызы