09 жел, 2025 сағат 16:42

2026 жылдан бастап паспорт, жүргізуші куәлігін рәсімдеу құны өзгереді

Фото: ашық дереккөз

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап паспорт, жүргізуші куәлігі және басқа да құжаттарды рәсімдеу құны өседі, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұған айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге көтерілуі себеп болып отыр. Бұл көрсеткіш Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған 2026-2028 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетте бекітілген.

2026 жылы жаңа АЕК-ке байланысты құжаттарды рәсімдеуге арналған мемлекеттік баж да қымбаттайды.

  • 16 жасқа дейінгі балаға арналған паспорт (24 бет) - 17 300 теңге (4 АЕК). 2025 жылы бұл - 15 728 теңге.
  • Қарапайым паспорт (36 бет) - 34 600 теңге (8 АЕК). 2025 жылы бұл - 31 456 теңге.
  • 48 беттік паспорт - 51 900 теңге (12 АЕК). 2025 жылы бұл - 47 184 теңге.
  • Жеке куәлік - 865 теңге (0,2 АЕК). 2025 жылы бұл - 786 теңге.
  • Жеке куәлік бір жылда екі реттен көп жоғалса, 1 АЕК (4 325 теңге) төлеу қажет.
  • Жүргізуші куәлігін рәсімдеу 5 406 теңге (1,25 АЕК) болады.
  • Қаңтардан бастап некені тіркеу құны да өседі, куәліктің бағасы 4 325 теңге (1 АЕК) болады.
  • Ерлі-зайыпты ажырасқысы келсе, мемлекеттік баж 8 650 теңгеге (2 АЕК) дейін өседі. 2025 жылы 7 864 теңге болды. Яғни некені рәсімдеуден екі есе қымбат.
  • Туу туралы куәлік бұрынғыдай тегін. Бірақ оны қайта рәсімдеу қажет болса (мысалы жоғалған жағдайда), 0,5 АЕК, яғни 2 163 теңге төленеді.

Кімдер мемлекеттік баждан босатылады?

Кейбір азаматтар құжатты тегін рәсімдей алады. Олар:

  • ел батырлары және жоғары мемлекеттік наградалары бар тұлғалар;
  • құрметті атағы бар көпбалалы аналар;
  • соғыс ардагерлері;
  • мүмкіндігі шектеулі адамдар және мүгедектігі бар балалардың ата-аналары;
  • әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар;
  • жетім балалар және толық мемлекеттік қамқорлықтағы балалар;
  • Чернобыль апатынан зардап шеккендер.