03 қаң, 2026 сағат 14:41

2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл туралы Президент елдің алдағы даму бағыттары жөнінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, 2026 жылы Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басады. Алдағы конституциялық реформалар елдің өсіп-өркендеуіне тың серпін береді. Мемлекет басшысы азаматтар бұл өзгерістерді қолдайтынына сенім білдірді.

Сонымен қатар энергетикалық әлеуетті нығайту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су шаруашылығы мәселелерін шешу, көлік-логистика саласы мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жалғаса бермек.

Президент шағын және орта бизнесті қолдау мемлекет назарында қала беретінін атап өтті. Барлық өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, жолдар жөнделеді. Сондай-ақ тұрғын үйлер, мектептер, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандары салынбақ.

– Мен биылғы Жолдауымда еліміздің цифрлық мемлекетке айналуы қажеттігін айттым. Осыған байланысты келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар барлық саланың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.


Президент өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету мемлекеттің басты міндеті екенін де атап өтті. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында үшінші жыл қатарынан әр баланың есепшотына қаражат аударылатынын жеткізді.

Сонымен бірге мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайтынын, білім беру мен денсаулық сақтау салалары әрдайым ерекше назарда болатынын айтты.