09 қаң, 2026 сағат 16:09

2025 жылы заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған 121 адам жауапкершілікке тартылды

Фото: ашық дереккөз

2025 жылы Қазақстанда заңсыз ұтыс ойындары мен лотереяларды ұйымдастырған 121 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрлік әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда заңсыз лотерея қызметін анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Тексеру нәтижелері мен азаматтардан түскен өтініштер негізінде құқық бұзушылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша жауапқа тартылған.

Комитет заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған тұлғаларға ескерту хаттарын жолдап, офлайн және онлайн форматта түсіндіру жұмыстарын өткізген. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізген аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған.

Хаттама шешімімен келіскен жағдайда құқық бұзушылар айыппұлды өз еркімен төлейді. Ал келіспеген жағдайда іс сотқа жолданып, белгіленген тәртіппен қаралады.

Айта кетейік, ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6 және 7-бөліктеріне сәйкес, лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізуі жеке тұлғаларға 100 АЕК, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін 200 АЕК-ке, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 750 АЕК-ке дейін өседі. Сонымен қатар заңсыз қызметтен түскен табыс тәркіленеді.