Фото: Liter.kz
Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы 2025 жылы Қазақстанда әлеуметтік салаға 9,8 триллион теңге бөлу жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ келер жылы білім беру саласына 1 триллион теңге қаражат бөлінетінін атап өтті. Осылайша қазақстандық студенттердің де шәкіртақысы өседі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Келер жылы білім беруді дамытуға 1 триллион теңге бөлінеді. 2025 жылы білім беру саласына бөлінетін қаражат биылмен салыстырғанда 116 миллиард теңгеге көп", – деді Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы.
Шығындардың өсуіне мыналар себеп:
- ЖОО студенттерінің шәкіртақы көлемі орта есеппен 15-20% артады. Нәтижесінде бакалавриат студенттері үшін орташа шәкіртақы мөлшері 52 372 теңге болса, магистранттар 117 098 теңге стипендия алады.
- "АМАНАТ" партиясының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға жоспарланған гранттар санын арттыру. Нәтижесінде 78 мыңға жуық жас қазақстандық тегін жоғары білім ала алады.
- ЖОО студенттеріне жеңілдікпен жол жүру ақысын арттыру. Бір студенттің жеңілдетілген жол жүру ақысы 15 728 теңге болады.
- Ғылыми атақтары үшін қосымша төлемдердің белгіленуіне байланысты ғалымдардың еңбекақысын арттыру.
Бұған дейін 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы өсетіні туралы жазған едік.