13 жел, 2023 сағат 20:24

2025 жылы декларация тапсыратын тұлғалар 13 миллионнан асады - Нұржан Қуандықов

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Жыл сайын жеке табысы туралы декларация тапсыратын азаматтардың саны артады. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform

«2024 жылы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлердің басшылары, олардың жұбайлары (зайыбы) тапсырады. Шамамен 3,9 миллион адам жоспарланған. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың басқа санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және тағы басқа) тапсырады. Бұл - 6,9 миллион адам. 2025 жылы декларация тапсыратын тұлғалар 13 миллионнан асады деп жоспарланып отыр», - деді Нұржан Қуандықов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, келесі жылы бизнесмендер жеке мүліктерін жариялауы керек. Бұл дегеніміз жеке кәсіпкерлер, бірінші басшылар, құрылтайшылар, заңды тұлғалардың қатысушылары. Жұмыс істемей тұрған және жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлер де декларация тапсыруға міндетті.