02 қыр, 2020 сағат 08:21

2025 жылға дейін барлық республикалық автожол желісінің жағдайы жақсартылады — Атамқұлов

 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Оларды жүзеге асырудың негізгі тетіктері туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады, деп жазады primeminister.kz сайты.

Министрдің хабарлауынша, бүгінгі таңда «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң жобасы тұжырымдамасының жобасы әзірленуде. Жобаны салалық қауымдастықтар, өнеркәсіптік кәсіпорындар және мүдделі мемлекеттік органдар талқылап жатыр.

Заң жобасында қолдау шараларын кеңейту, мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан кепілді сатып алуды жүзеге асыру шаралары көзделген.

Тұжырымдама жыл соңына дейін қабылданады.

Министрлік реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтуды дамытуға және мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен холдингтердің бірінші басшылары мен орынбасарларының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер топтамасын әзірлейді.

Қара және түсті металлургияның, автомобиль және машина жасаудың жаңа бөліністерін дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуде отандық шикізатты қайта өңдеуді тереңдету жұмыстары әрі қарай жүргізіледі. Әлеует $35 млрд асады.

Металлургия өнеркәсібінде отандық шикізат негізінде жоғары бөліністі өнімдер өндірісін дамытуға баса назар аударылады.

Отандық кәсіпорындарды тиімді бағалармен қажетті көлемде қамтамасыз ету тетігін әзірлей отырып, шикізатқа жыл сайынғы қажеттілікті қалыптастыру жоспарланып отыр.

Атамқұлов атап өткендей, кезекте тұрған азаматтардың баспана мәселесін тезірек шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасында жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау тетігін қарастыру ұсынылады. Бұл үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй құрылысына қарастырылған қаражатты қайта бағыттау ұсынылады. Шамамен 100 мың азаматқа қолдау көрсетіледі. Аталған тетік «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар жеке құрылыс салуды ынталандыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында азаматтарға жеке құрылыс салуға бөлінетін 40 мың жер учаскесіне коммуникациялар тартылады.

Елімізде 6,3 мың ауыл болса, соның 3,5 мыңы перспективалық саналады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өз қаражатына типтік жобамен баспана тұрғызатын ауылдардағы жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау тетігі әзірленеді. Министрлік үйдің белгіленген құнының бір бөлігін субсидиялау тетігін әзірлейді», — деді ведомство басшысы.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша қабылданған Заң аясында мүлік иелерінің бірлестігі институты енгізіледі. Барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Қазіргі уақытта тұрғын үй иелері мүлік иелерінің бірлестіктерін құру және тіркеу бойынша тиісті жұмыстарды жасап жатыр. 

Қазақстанның транзиттік көшбасшылығын нығайту мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында транзиттік сервис сапасын және жылдамдықты арттыру үшін еліміз арқылы өтетін теміржол транзиті дәлізінің инфрақұрылымын әрі қарай дамыту, сондай-ақ осал тұстарын жою көзделген.

«2020 жылға дейін республикалық желідегі автожолдардың 13 мың шақырымы қайта жаңғыртылды. “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 11 мың шақырым жол салынады және қайта жаңғыртылады. Оның ішінде республикалық желідегі 4 мың шақырым жолда биыл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша, 2025 жылға дейін республикалық желідегі автожолдардың барлығының жағдайы жақсарады», — деді министр.   

2025 жылға дейін ұзындығы 24 мың шақырымды құрайтын республикалық желідегі автожолдар бойындағы қызмет көрсететін объектілер халықаралық стандарттарға сай болады. Бұл жұмыс жергілікті атқарушы органдарымен және бизнес өкілдерімен бірге жүргізіледі.