12 жел, 2023 сағат 11:38

2024 жылы ең төменгі жеткіліктілік шегі қандай болады?

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2024 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі 2023 жылғы деңгейінде қалғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл мән БЖЗҚ салымшысы зейнетақы жинағынан қанша қаражатты мерзімінен бұрын ала алатынын анықтау үшін қажет.

Жеткіліктілік шегі жас ерекшеліктеріне қарай 3-тен 10 миллион теңгеге дейін болады.

"Ең төменгі жеткіліктілік шегінің мөлшерін бұрынғы деңгейде сақтау ішінара кірістің болжамды жылдық пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылауымен де байланысты. Осылайша, бекітілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен болжамды есептеулерді ескере отырып, 2024 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегінің мөлшері бұрынғы деңгейде сақталады", - делінген қор хабарламасында.

2024 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер:

1. ең төменгі жалақы мөлшері - 85 000 теңге;

2. мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 28 215 теңге;

3. зейнетақының ең төменгі мөлшері - 57 853 теңге;

4. базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы – 43 407 теңге.

Естеріңізге сала кетейік, ТЖШ – бұл ай сайынғы зейнетақының мөлшерін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес деңгейде қамтамасыз етуге қажетті зейнетақы жинақтарының (міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған) ең төменгі мөлшері. Бұл әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ болашақ зейнетақы жарналарының болжамды есептеулеріне (ең төменгі жалақы мөлшерінен) және инвестициялық табыстылыққа сүйене отырып анықталатын зейнетақы жинақтарының бағалау сомасы. Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі – бұл салымшының зейнет жасына жеткенде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін (ең төменгі базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) алуы үшін шотта қалуға тиіс ең төменгі көрсеткіш.

видео: БЖЗҚ баспасөз қызметі