Фото: © Sputnik / Абзал Калиев
Үкімет "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында 2024 жылға арналған қазақстандықтарға төленетін төлемдер мен айыппұлдарды есептеу үшін қажетті ең төменгі жалақы, зейнетақы, айлық есептік көрсеткіш және басқа да көрсеткіштердің жаңа мөлшерін бекітті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Қазір бұл заң жобасы Мәжілісте қабылданып, Сенатта қаралып жатыр. Егер Парламент заң жобасын мақұлдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойса, 2024 жылдан бастап келесі көрсеткіштер белгіленеді.
Ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады – 15 мың теңгеге өседі. Бұл жұмыс берушілер жұмысшыларға ең төменгі жалақыдан төмен емес деңгейде жалақы беруге міндетті дегенді білдіреді.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге (3 874 теңгеге өседі).
Бірлескен зейнетақының ең төменгі мөлшері – 57 853 теңге (4777 теңгеге өседі).
Айлық есептік көрсеткіш 3692 теңге (242 теңгеге өседі).
Бұл - Қазақстанда зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер өседі деген сөз. Сонымен қатар айыппұлдар, салықтар және басқа да төлемдер, сондай-ақ бірлескен қызмет туралы келісімдер бойынша есеп айырысулар өседі.