24 қыр, 2020 сағат 19:05

2024 жылға қарай еліміздегі 11 мың шақырым автожол ақылы болады

2024 жылға қарай еліміздегі 11 мың шақырым автожол ақылы болады. Бұл туралы «QazAvtoJol» ҰҚ» АҚ» Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалының директоры Марат Сүлейменов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2024 жылға қарай 11 мың шақырым автомобиль жолдарына ақы төлеуді енгізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар 32 жол учаскесін қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін жүзеге асырылатынын атап өткім келеді. Төлемді енгізу инвестордың қаражаты есебінен, инвестициялық келісімшарт бойынша жүзеге асырылады. Өте маңызды мәселе - жолақы туралы айтуым керек. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ақылы жолдар ашылғанға дейін жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін қоғамдық тыңдаулар өткізіледі», - дейді Марат Сүлейменов Instagram әлеуметтік желісіндегі @kazautozhol парақшасының тікелей эфирінде. 

Оның айтуынша, тыңдаулар кезінде жол ақысы және төлемнің ұсынылған әдістері талқыланады.

«Төлем көлемін Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі егжей-тегжейлі талдаудан кейін мақұлдайды. Көліктің қай түрі жол ақысын төлейтіні, қайсысы төлемейтіні жол санатына байланысты болады. Мысалы, егер жол екінші техникалық санатта болса, онда жол ақысын тек жүк көліктері төлейді», - дейді ол.