25 жел, 2023 сағат 22:16

2023 жылы этносаралық қатынастарды дамыту саласында тиімді жұмыстар жүргізілді

Фото: Бауыржан Жуасбаев / assembly.kz

Қазіргі этносаралық ахуалды және Мемлекет басшысының елдің азаматтық бірлігін, жалпыұлттық бірегейлігі мен этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі алға қойған міндеттерін ескере отырып, 2023 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту саласында тиімді жұмыстар жүргізді.

Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – этносаралық келісімді қамтамасыз ету және этносаралық коммуникацияны дамыту болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 500 мың адамның қатысуымен 8 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, этностарды интеграциялау мен мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгерілету.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚХА жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылды. Одан бөлек, 1100-ге жуық өңірлік кеңестер қоғамдық келісім құндылықтарын қалыптастыру бағытында жұмысты жүйелеген. 128 мың адамды қамтитын 4 мыңнан астам іс-шара өткен. 

Биылғы жылы азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға және ұлт бірлігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.

Ұлт дамуы процесінің ағымдағы жай-күйі сараптала келе, талдамалық баяндама дайындалды, Ұлт бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Ел Бірлігі» ордені табысталды.

Министрлік жұмысының маңызды аспектісі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, этносаралық кемсітушілік пен ксенофобияға жол бермеу, этносаралық инциденттер мен қақтығыстардың алдын алуға бағытталып отыр.

Елдің азаматтық бірлігін, жалпыұлттық бірегейлігі мен этноәлеуметтік тұтастығын нығайту Қазақстанның тұрақты дамуы үшін маңызды фактор болып қала береді.