Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-мамырдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел деректер бойынша жалпы ішкі өнім 1,7%-ға төмендеді. Тауарлар өндірісі 4,8%-ға өсті. Сонымен бірге көрсетілетін қызметтер 6,2%-ға қысқарды. Жылдық инфляция 6,7%-ды құрады. Бұл өткен айдың деңгейінен төмен.
Р. Дәленов есепті кезеңде байқалған оң трендтерді атады.
«Өндірістік секторда өсу жалғасуда. Қызметтер секторы мамырдан бастап серпінді қалпына келуде. Сонымен бірге сауда балансының сальдосы жоғары өсуді көрсетті. Өндірістік сектор бойынша құрылыста – 5,9%-ке, кен өндіруде 5,2%, өңдеу өнеркәсібінде 4,9% және ауыл шаруашылығында 2,2%-ке өсу байқалады», — деді министр.
Сонымен бірге, оның айтуынша, қазіргі таңда қызмет секторларында, соның ішінде көлік қызметтерінде 14,1%, саудада – 12,3%, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда – 4,8% және әкімшілік қызметтерді көрсетуде – 3,8% төмендеу байқалады. Бұл ретте, байланыс қызметтері қаңтар-мамырда 9,2%-ке артты.
Шектеу карантин шараларының жеңілдеуі аясында, мамырдан бастап қызметтер секторы бойынша жекелеген салалардың қалпына келуі байқалады.
Атап айтқанда, сауда 28,3%-ке, оның ішінде бөлшек сауда – 34,2%-ке, көтерме сауда – 26,1%-ке өсті. Көлік қызметтері – 20,7%-ке, оның ішінде жолаушылар айналымы – 41,5%-ке, жүк айналымы – 5,7%-ке артты. Ал тамақтану бойынша қызметтер 10,8%-ке өсті. Осылайша, мамырда қызметтер саласында өсудің серпінді қалпына келуі тіркелді.
Р. Дәленов атап өткендей, экономикалық белсенділікті одан әрі қалпына келтіру мақсатында осы жылдың 20 мамырында 2020 жылға арналған кешенді жоспар қабылданды.
«Кешенді жоспар қолданбалы сипаттағы нақты шараларды қамтиды. Бұл — Өнеркәсіпті дамыту қорын құру. Өңдеуші кәсіпорындарға 3% жеңілдетілген мөлшермен кредит беру көзделіп отыр», — деді министр.
Ұлттық Банк бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы» шеңбірінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қызмет түрлері кеңейтілуде. Несиелеу рәсімдері жеңілдетіледі. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасында бизнес үшін микрокредиттерді субсидиялауды қарастыратын жаңа «Микрокредиттеу» бағыты іске қосылады.
Осы шаралардың барлығы сыртқы сын-қатерлердің теріс салдарын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ, Кешенді жоспар экономика салаларындағы жедел мәселелерді шешуге, ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік береді. Осылайша, экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге ықпал ететін болады.
Жалпы, кешенді жоспарды жүзеге асыруға бүгінгі күні 49 заңнамалық актіге түзетулер енгізу жоспарлануда.
Қаңтар-сәуірде сыртқы сауда айналымы $28,2 млрд құрады. Экспорт $18,4 млрд, импорт $9,8 млрд құрады.
«Өнеркәсіп өндірісі 4,8%-ке ұлғайды. Өсу өңірлердің көбінде байқалады. Ең жоғары өсуді Атырау және Қостанай облыстары көрсетті. 4 өңірде төмендеу тіркелді. Бұл Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы», — деді Р. Дәленов.
Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс өсуде. Өсу 4,9%-ті құрады. Фармацевтика, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және жеңіл өнеркәсіп өсудің жоғары қарқындарын көрсетті.
Инвестициялар бойынша 15 өңір өсу көрсетті. Түркістан облысында инвестиция 2 есеге жуық, Ақмола облысында – үштен бірге өсті. 2 өңірде төмендеу тіркелді. Бұл Қызылорда және Атырау облыстары. Жалпы, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 0,1%-ті құрады.
Құрылыс 5,9%-ке ұлғайды. 15 өңірде өсу байқалады. Құрылыс жұмыстарының ең жоғары өсуі Түркістан және Қарағанды облыстарында тіркелді. Құрылыстағы өсу отандық құрылыс материалдары өндірісіне оң әсер етті. Оларды өндіру 12,3%-ке ұлғайды.
Сондай-ақ Р. Дәленов 6 экономикалық көрсеткіш бойынша жалпы жағдайды атап өтті. Олар – өңдеу, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, инвестициялар және инфляция.
«Өңірлердің көбінде жақсы динамика байқалады. Барлық 6 көрсеткіш бойынша 4 өңірде өсу байқалады. 5 көрсеткіш бойынша – 6 өңірде, 4 көрсеткіш бойынша – 4 өңірде. Маңғыстау облысы 2 көрсеткіш бойынша жақсы нәтиже көрсетті», — деді министр.
Қорытындылай келе, Р. Дәленов қаржыландыру және кредит беру бойынша қабылданған шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге шоғырлану қажет екенін атап өтті.
2020 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды уақытылы және тиімді іске асыруды қамтамасыз ету;
Еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жобаларды іске асыру.
«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы» және Шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген кредит беру бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлерді қолдау құралдарын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету.
Жаңа экономикалық жағдай кезінде инвестициялық жобалардың өзектендірілген пулы шеңберінде инвестициялар тартуға жаңа тәсілдерді қолдану.
Көрсетілетін қызметтер саласындағы серпінді өсуді қалпына келтіру үшін жағдайлар жасау.
«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру экономикалық белсенділікті жедел қалпына келтіруге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді министр.