ҚР бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов Үкіметтегі баспасөз конференциясында Қазақстандағы көлеңкелі экономика деңгейін төмендету шаралары туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Б. Шолпанқұлов атап өткендей, бизнесті «көлеңкеден» шығару жұмыстары салық және кеден саясатын жетілдіру және қолма-қол ақшасыз айналымның үлесін арттыру арқылы жүзеге асырылып жатыр.
«Іске асырылып жатқан шаралар салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді интеграциялауға негізделген, мұнда ақпараттық жүйелерді дамыту секілді бастамаларды іске асырудан үлкен нәтиже күтіледі, олар: өнімді таңбалау, электронды шот-фактуралар, "Виртуалды қойма" модулі, тәуекелдерді басқару жүйесі, онлайн-кассалық бақылау машинасын енгізу және т.б.», — деді Б. Шолпанқұлов.
Оның айтуынша, тауарларды бақылау жүйесін құру экономиканы контрафактілік өнімдерден қорғауға көмектеседі. Сонымен, «Электрондық шот-фактуралар» АЖ түпкілікті тұтынушыға дейін тауарлардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді, «Виртуалды қойма» модулі тауарлардың қозғалысын автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді.
«Нақты қадағалау тұрғысынан тауарларды таңбалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тері бұйымдары бойынша пилоттық жобаның нәтижесінде 2018 жылы кірістер 1,5 есеге өсті. Бүгінде темекі мен алкоголь өнімдері бойынша пилоттық жоба жүргізілуде», — деді бірінші қаржы вице-министрі.
Сонымен қатар, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнеске арналған салықтық рақымшылық жасау жұмыстары басталды. 90 мыңға жуық салық төлеушіге рақымшылық жасалады. Олардың 45%-ына рақымшылық жасалды. Негізгі мақсат — салық түсімдерін арттыру.
Б. Шолпанқұловтың айтуынша, блокчейн технологиясы арқылы ҚҚС бақылау шотын қолдана отырып, ҚҚС-ты басқарудың жаңа әдісі енгізілген.
ҚҚС бақылау шотын қолданатын салық төлеушілерге қатысты салықтық тексерулер ҚҚС қайтарылған кезде алынып тасталады, ҚҚС қайтару мерзімі 55-тен 15 жұмыс күніне дейін қысқарды.
Тауарлар қозғалысын бақылаудың соңғы кезеңі - 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап онлайн-кассалық бақылау машиналарын пайдалануға жаппай көшу, бұл рейдтік тексерулерден қашықтан салықтық бақылау жүргізуге көшуге әкеледі.
Сонымен қатар, ЕАЭО аумағы бойынша тауарлар транзитінің бірыңғай жүйесін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қырғызстаннан Ресей Федерациясына Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тауарларды бақылау мақсатында навигациялық электрондық пломбаларды пайдалану бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Б. Шолпанқұловтың айтуынша, көлеңкелі айналымды азайту бойынша министрліктің негізгі міндеттерінің бірі — «айналы» кедендік статистикадағы сәйкессіздіктерді азайту.
Үшінші елдерден әкелінетін тауарлардың түсімдерінің 30%-ын Қытайдан шыққан тауарлар құрайды. Осыған байланысты, жақында Министрліктің Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚХР-дың Бас кедендік басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы тиісті хаттамаларға қол қойылды. Ұсынылған бастамалардың нәтижесі бюджетке 800 млрд теңге көлемінде қосымша түсімдер түрінде күтіледі.
«Жүргізіліп жатқан бастамалар мен қабылданып жатқан шаралар көлеңкелі экономиканы азайтуға, бюджетке салықтық және кедендік түсімдердің ұлғаюына жол ашады», — деп түйіндеді Б. Шолпанқұлов.