«Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамында ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен директорлар кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2017-2021 жылдарға арналған Даму жоспары бекітілді. 2016 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның таза табысы 28 млрд. теңгені құраса, компанияның тасымалдау мен басқа да түрлерінен кірісі 2016 жылы 90 млрд. теңге болған.
Компанияның 2017-2021 жылдарға арналған даму жоспарында биылғы, 2017 жылы таза табысты 29 млрд. теңгеге жеткізу көзделді. Ал, тасымалдау мен басқа да қызметтерден түсетін кірісін 2017 жылы 127 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
2017 жылы компанияның жалпы жүк айналымын 188,7 млрд. тонна-шақырымға жеткізу жоспарланып отыр.
2016 жылы жолаушылар айналымы 18057 млн. жолаушы-км құрады. 2017 жылы жаңа бағдарлардың іске қосылуына орай, оның ішінде ЭКСПО халықаралық көрмесі қарсаңында жолаушылар айналымы бұрынғыдан арта түседі деп күтілуде.
2017 жылы ҚХР-ЕО елдеріне транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемі 230 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) құрап, 2016 жылғы көрсеткіштен 2,2 есеге артатын болады.