02 сәу, 2025 сағат 15:36

2 сәуір – Халықаралық балалар әдебиеті күні

Фото: dknews.kz

2 сәуір – Данияның ұлы ертегішісі Г.Х.Андерсеннің туған күні. Бұл күні 1956 жылдан бастап екі жылда бір рет үздік балалар жазушыларына және суретшілері – балалар кітаптарының иллюстраторларына халықаралық Г.Х.Андерсен атындағы сыйлық беріледі, деп хабарлайды Ult.kz.

1967 жылдан бастап бұл күн Балалар кітабы жөніндегі халықаралық кеңеспен (International Children’s Book day) бекітілген Халықаралық балалар кітабы күні тойланады. Неміс жазушысы Йелла Лепма Халықаралық балалар кітабы күнін өткізудің бастамашысы болды.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бүгінгі айтулы мерекемен құттықтай отыра, балалық шақтан бастап кітап оқудың маңызы зор екенін айтады. Кітап оқу баланың ой-өрісін кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін дамытады, құндылықтары мен тәрбиесіне, оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді, дейді ол.

"Халықаралық зерттеулер, мысалы, PISA және TIMSS, оқу дағдылары мен білім жетістіктерінің тығыз байланыста екенін нақты көрсетеді. Мәселен, PISA зерттеуі бойынша, аптасына кемінде бір кітап оқитын оқушылар оқылым сауаттылығы бойынша бір оқу жылына тең артықшылыққа ие", - дейді Аймағамбетов.


Депутаттың айтуынша, мемлекет басшысы балалардың кітап оқуға баулу бағытында Үкіметке бірнеше нақты тапсырма берген. Осыған байланысты депутаттар тобы Салық кодексіне бірнеше нақты түзетулер ұсынған:

• Жазушылар мен баспагерлерге салықтық жеңілдіктер, соның ішінде ҚҚС-ті едәуір төмендету;

 • Мемлекет тарапынан сапалы отандық әдебиетті шығаруға тікелей қолдау көрсету;

 • Қазақ тіліндегі заманауи әрі мазмұнды балалар әдебиетінің көбеюіне жағдай жасау.

Аймағамбетов балаға кітапты сүюді үйрету үшін алдымен ата-ана өзі кітапты сүюі керек деп есептейді. 

"Кітап оқу мәдениеті ең алдымен отбасында қалыптасады. Бала ата-анасын кітап оқып отырғанын көрсе, еріксіз сол әдетке қызығады. Бұл – жай теория емес, менің жеке өмірімде де талай мәрте дәлелін тапқан дүние", - деп қосты ол.