Сурет: pixabay
2 ақпан Ұлттық басылым күні болып бекітілді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қадырәлі хабарлады.
"Қадірлі достар! Жағымды жаңалығымыз бар. 2 ақпан Ұлттық басылым күні болып бекітілді.
Бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрған "Қазақ" газетінің алғашқы нөмірі осыдан 110 жыл бұрын, 2 ақпан күні жарық көргені белгілі. Алаш ардақтыларының қолтаңбасы қалған газет ұлттық ренессанстың қайнар көзіне айналып, халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін бөлек арнаға бұрды.
Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекіткен еді. Енді міне, журналистер қауымы үшін тағы бір атаулы күн белгіленіп отыр.
Баспасөз саласында еселі еңбек етіп, қалам тербеп жүрген барша әріптестерімізді ұлттық баспасөз күнінің белгіленуімен құттықтаймын!" - деп жазды ол Facebook-парақшасында.