Фото: facebook.com/edilzh
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында елімізде су мәселесі өзекті болып тұрғанын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Жасыратыны жоқ, су мәселесі – еліміздің ең әлсіз тұсы. Өйткені біз трансшекаралық су ресурстарына өте тәуелді әрі шөлейтті мемлекетпіз. Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан жылына табиғаттан 25 миллиард текше метр су ресурстарын алады. Оның 21 миллиарды тұтынуға кетсе, қалған 4 миллиард су шығынданып, далаға кетіп жатыр. Өкініштісі, соңғы жылдары су шығындары 48 пайызға өскен. Бұл – өте қауіпті жағдай. Мемлекет басшысы: «2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін», – деп айтты. Аталған дефициттік цифр қазіргі таңда елімізде алынатын су қорының 60 пайызына тең болып отыр. Болашақта осы су тапшылығы болса, 17 жылдан кейін еліміздің көп өңірлері сусыз қалуы әбден мүмкін. Эколог-ғалым ретінде пайымым, Мемлекет басшысы осы бастан бекерден-бекер су дефицитін қауіп етіп отырған жоқ. Жағдай қазірдің өзінде мәз емес», - деді Еділ Жаңбыршин.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы су мәселесі бойынша біраз жүйелі проблемаларға тоқталды. Айтуынша, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі 20 жылдан бері толық шешілген жоқ.
«Біз әртүрлі бағдарлама қабылдауды қатырамыз. Мәселен, 2002-2010 жылдары «Ауыз Су», 2011-2020 жылдары «Ақ Бұлақ», ал 2020-2025 жылдарға арналған «Өңірлерді дамыту» және «Нұрлы Жол» сияқты 5 бағдарламаға бюджеттен 1,5 трлн теңгені нақты бөлдік. Дегенмен әлі күнге дейін 51 пайыз ауыл таза ауызсуына қол жеткізе алмаса, 36 пайыз ауылда орталықтандырылған су жүйелері жоқ. 21 ғасырда, қыстың күні қырауда қол арбамен, бидонмен су тасыған ауыл тұрғындары жетерлік», - дейді ол.
Негізгі су ресурстарын тұтынушы сала – ауыл шаруашылығы. Бүгінде агроөндірістік кешендердегі су шығыны 40 пайызға жетіп отыр. Оған себеп – 30 жылдан бері ирригациялық каналдардың әбден тозуы, иесіз қалуы, уақтылы жөнделмеуі. Келесі мәселе – бұл салада су үнемдеуші технологияларды пайдалану деңгейінің өте төмендігі. Бізде тамшылатып суаратын әдістер жоқтың қасы. Игерілетін жердің тек 14 пайызында ғана су үнемдеу технологиялары қолданылады.
«Құнарлы жері жоқ, тас пен құмның үстінде агроөндірісті дамытып отырған Израиль, суды үнемдеу тәсілдерінің арқасында 1 гектар жерге небәрі 6 метр куб су пайдаланады. Біз сондай жерге екі еседей су шығындаймыз. Алдағы бес жылдықта еліміздің ішкі жалпы өнімін екі есе өсіруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін өндіріс дамуы керек. Ал өндірістің ең негізгі ресурсының бірі – су. Қазір кәсіпорындар су ресурстарымыздың 28 пайызын тұтынса, алдағы 5 жылда бұл көрсеткіш кемі 1,5 – 2 есе өсетіні анық. Сондықтан өндірісте суды қайта пайдалану мәселесін заңмен шегелеп, міндеттеу керек. Өйткені өндірістік кәсіпорындардың тек 30 пайызы ғана суды қайта пайдаланып отыр. Бір ғана мысал, көліктерді жууатын нысандар суды қайта пайдалануды жолға қоймаған. Ал олардың көбі ауызсумен көлік жуады. Қаншама су ысырап болып жатыр. Еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге шешімін табар емес. Құдайдың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Тасқын, ерінді қар, жауын-шашын сулары да Жаратушының бізге берген сыйы. Мұның бәрін ішкі су қорымыз деп қабылдауымыз қажет. Мәселен, Қытай, Аргентина, Бразилия, Араб пен Таяу Шығыс елдерінің көбінде әрбір жауын-шашынның тамшысын мүмкіндігінше ішуге де, өндіріске де пайдаланады. Мысалы Германияның Франкфурт аэропорты жауын суын пайдалану жүйесі арқылы жылына бір миллион куб суды үнемдейді. Біз Астанамыздың еріген қар суын тіпті пайдаланбаймыз. Бұдан басқа, кәріз, ағынды лас суларды да әлемнің көптеген Сингапур сияқты елдері 100 пайыз қайта өңдеп, тіпті ауыз суға пайдаланады. Ал бізде суды қайта пайдалану небәрі 2,5 пайыз», - деді Еділ Жаңбыршин.
Қазақстанның су қорларының бірі – жерасты сулары. Қолда бар дерекке сүйенсек, тұщы су қоры – 43 млрд текше метр. Бірақ бұл мәлімет Кеңес Одағынан кейін қайта актуализациядан толық өткен жоқ. Яғни жерасты суларын қайта зерттеп, бағалап нақты қорын анықтау мемлекет үшін аса маңызды.
«Өңірлерде жерасты сулары зиянданып, оны үнемсіз пайдаланып жатыр. Жерасты су қорын мұнай, газ, уран сияқты еліміздің стратегиялық қоры деп есептеуіміз қажет. Оны қорғау, үнемдеу аса маңызды міндет. Жерасты суларын басқаруда да кемшіліктер бар. Бұл маңызды ресурстарды басқаруды жүйелі іске асыру үшін, жерасты суларын басқару компетенциясын жаңа құрылған Су министрлігіне берген дұрыс болар еді. Бұл жөнінде жаңа Су министрі Нұржан Молдиярұлы да өзі позициясын айтты», - дейді ол.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы тағы бір күрделі мәселеге тоқталды. Ол – Каспий теңізінің тартылуы. Кейбір жағалаулар 3-4 км кетіп қалды. Жайықтың теңізге құятын жері 30-40 см болып қалған.
«Каспийді жоғалтсақ, елдің әлеуметтік экономикасы былай тұрсын, ол Арал теңізінің тағдырын қайталап, планетарлық масштабтағы экологиялық катастрофаға алып келетіні айтпаса да түсінікті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығын шешу үшін арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. Бірақ бүгінгі Үкіметтің салғырт, әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін толық таппайтындай көрінеді. Еліміздегі саяси реформалардың нәтижесінде Жоғарғы аудиторлық палата жылына екі рет Мәжіліске есеп беруі тиіс. Бұл Ата Заңымызбен бекітілген норма. Жоғары аудиторлық палатаның негізгі функцияларының бірі – бюджет қаржысын тиімді жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізу. Сондықтан болашақта әрбір есептеріңіз қаралып отырған проблеманы жан-жақты, ауқымды, терең зерделеп, жалпымемлекеттік деңгейде қарастырылуы қажет. Өйткені Сіздер заң шығарушы билік – Парламенттің мінберіне келіп отырсыздар», - деді Еділ Жаңбыршин.
Ол Үкімет ең бірінші кезекте суды үнемдеу идеологиясын Президент айтқандай, ұлттық идеяға айналдыруды қолға алуы тиіс екенін айтты. Ол үшін барлық потенциалымызды қолдану маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Тасбақа аяң десек те болады. Сондықтан ауызсумен қамтамасыз ету, суды үнемдеу, трансшекаралық су дипломатиясы, әділ су тарифі, суды қайта пайдалану, жалпысалалық цифровизация, жер-асты суларын дұрыс пайдалану сияқты мәселелермен жан-жақты, жүйелі түрде айналысу қажет.