Бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қаржылық бақылаудың нәтижесін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік аудитке тоқталсақ, өткен 7 айда камералдық бақылаумен сомасы 7,5 трлн теңгеге 1 миллионнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша сомасы 647 млрд теңгеге талаптарды бұзу ескертілді. 933 аудиторлық іс-шара өткізілді.
Аудитпен 543 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 168 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды», - деді министр биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша бюджеттің атқарылу жайында есеп беру барысында.
Оның сөзіне қарағанда, тауарлар жеткізілімін қалпына келтіру, қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есеп бойынша көрсету жолымен 161,5 млрд теңгеге талапты бұзу жағдайы жойылды.
«Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 834 ұсыным берілді. Оның ішінде 691-і атқарылды», - деп түсіндірді Е. Жамаубаев.