20 қар, 2025 сағат 13:38

162 миллион теңгелік дау: Абай Бегейдің қызы амнистиямен босатылды


Фото: instagram.com/niyazkulova_erke


Заңсыз ұтыс ойындарын өткізіп, қылмыстық жолмен 162 миллион теңгені иемденді деп күдікке ілінген әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова мен оның жұбайы жазадан сытылып кетті. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі блогердің неліктен жазаланбайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Ult.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.


Әншінің қызы Гүлеркем Ниязқұловаға қатысты Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі, 2-тармағы – "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу" бойынша тергеу жүргізілген.


"Қылмыстық іс Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеулер департаменті тарапынан Қылмыстық кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 3-тармағына сәйкес, амнистия актісінің негізінде тоқтатылды", – делінген агенттіктің ресми жауабында.


Осылайша, миллиондаған теңгені заңсыз иемденді деп күдікке ілінген Абай Бегейдің қызы амнистияға ілігіп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.


Айта кетейік, Гүлеркем Ниязқұлова күйеуімен бірге Instagram, TikTok және Telegram арқылы онлайн лотереялар өткізіп келген. Олар лотерея операторы ретінде тіркелмесе де, автокөлік, пәтер және өзге де бағалы сыйлықтарды ұсынған. Билеттер 500 теңгеден 50 000 теңгеге дейін сатылған.


Тергеу мәліметінше, заңсыз лотереяларға 1 800-ден астам адам қатысқан. Ерлі-зайыптының кірісі 162 млн теңгеден асқан. Қаржылық мониторинг агенттігі тексерісінен кейін олардың жылжымайтын мүлкі мен банк шоттарына шектеу қойылған.