Қазақстанда тұмау мен респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алуға бағытталған жұмыстар толығымен жүргізілді. Бұл туралы бүгін Астанада селекторлық режімде өткен кеңесте ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұмау және респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алуға бағытталған жұмыстар республика бойынша толығымен жүргізілді. Барлық аймақтарға вакцина жеткізілді. Енді Денсаулық сақтау басқармалары алдын алу жұмыстарын сапалы деңгейде өткізуі қажет. Өйткені, ағымдағы жылы жаңадан шыққан вирустың екі штамы таралады. Жалпы, жылда ауруға шалдығудың 500 мыңнан астам дерегі тіркеледі. Оның ішінде ауыр жағдайға шалдыққандары ауруханаға түседі. Соған біздің облыстағы басқармалар дайындық жасаулары қажет. Ең алдымен вирусқа қарсы дәрі-дәрмектерді, басқа да қажетті медициналық жабдықтарды қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар дер уақытында медициналық көмек көрсетілуі тиіс», - деп атап өтті ол.
Ж.Бекшиннің айтуынша, тәуекел тобына кіретін адамдарды тұмауға қарсы егу үшін бюджет қаражатына «Гриппол +» ресейлік вакцинасының 1 605 891 дозасы сатып алынып, өңірлерге жіберілген. Уақытылы көмек көрсету мақсатында медициналық мекемелерде 1226 телефон жұмыс істейді, үйге шақыртуларға қызмет көрсету үшін 1025 көлік бөлінген. Тұмауға қарсы екпе жүргізу мақсатында республика бойынша 2428 пункт ұйымдастырылған.