Бұл жазбамды қазаққа шын жаны ашитын жас жігіттерге арнаймын. Жұрт көзі үшін сөйлеуді, мақтан үшін әрекет етуді білмейтін, оңашада ел қамын ойлап, мазасы кететін, күйінген кезде «осы мен не істей аламын» деп уайым жейтін азаматтар, менің көптен ойлап, бүгін қағазға түсіріп отырған мына сөздерім сіздерге пайдалы болып қалар.
15 пен 35 жас аралығындағы азаматтар – осы қоғамның қол-аяғы іспетті. Өзіңіз ойлап қараңыз, қара жұмыстың бәрін жасайтын кімдер? Құрылыста лай жасайтын, таңертең дүкендерге тауар тарататын, жол жөндейтін, шекара күзететін, егін оратын кімдер? Негізінен 15 пен 35 жас аралығындағы жігіттер. Сол секілді қылмысты жасайтын да, соғысқа алынатын да, көтеріліске шығатын да, әртүрлі діни ағымдарға кіріп кететін де осы жастағы азаматтар. Патша үкіметі осыдан 100 жыл бұрын 19 бен 31 жас аралығындағы азаматтарды соғыста окоп қазуға алуын еске түсірейік. 1986 жылы қыршын кеткен қыздардың ең жасы 16-да еді. Басқа елге соғыс іздеп кеткендердің ішінде де егде адамдар байқалмайды, кілең 25-тің о жақ-бұ жағындағы жігіттер.
Қазір 15 жастағы бозбалалар Тәуелсіздіктен алған соң он жылдан кейін туғандар. Ал 35 жастағылар Тәуелсіздіктен он жыл бұрын туған болады. Демек, біздің қазіргі қол-аяғымыз совет үкіметі тәрбиесін толық сіңіріп үлгермеген, ауыртпалыққа толы тоқсаныншы жылдарда өскен ұрпақпен басталады да, сол жылдары туған лекпен жалғасып, соңы заман түзеле бастаған жаңа мыңжылдықта туғандармен аяқталады. Қарап тұрсаңыз, ала-құла. Формация ауысып, ғасыр мен ғасыр, мыңжылдық пен мыңжылдық ауысқан уақытта туған ұрпақ басқаша болуы мүмкін де емес секілді...
Мен 25 жастамын. Осы ұрпақтың бел ортасындамын. Әртүрлі адамдармен сөйлесіп, түрлі пікірлерді оқып, ойланып, өзімше ой түйе келе, осы 15 пен 35 жас аралығындағы буынға үлкен жауапкершілік артылып тұрғанын сезінгендей болдым. Сөйтіп, бұл ұрпақ, яғни біз не істеуіміз керек деген сұраққа, бірнеше жауап тапқандай болдым. Енді соған көшсек.
Біріншіден, біз бір-бірімізге сүйіспеншілікпен қарауымыз керек. Кәдімгі, бір үйдің ағайынды балалары секілді, қатемізді кешіріп, арамызды ажырататын нәрселерден қашып, тіршілік етуіміз қажет. Ол үшін, ең алдымен, діни наным-сенімге өте абай болу керек. Үкімет белгілеп берген діни басқарманы қазық етіп алып, басқа қайшы пікір, ұстанымдарды көпшілік алдына шығармайық. Дұрысы, әрқайсымыз осы уақытқа дейін ұстанып келген дінімізді қайта қарап алсақ, жақсы болар еді. Оны бізге кім үйретті? Әке-шеше, ата-әжеміз үйретті ме? Жоқ, басқа біреу үйретті ме? Одан да бұрын, біздің ұстаным Құран мен сүннетке сай ма? Бүкіл әлемнің миллиондаған мұсылмандары ақымақ, біз ғана ақылдымыз деген қаншалықты ағылға сыяды? Ымыраға келу керек шығар? Дауласып, бір-бірімізді жек көріп болдық қой?
Қандай жағдай болса да, діни мағынадағы даудан қашу керек. Дін – партия емес, дін – біздің осы дүние мен о дүниемізді жеңілдету үшін қажет нәрсе.
Екіншіден, жүзге, руға бөлінуден аулақ болу. Бұл – үлкен кісілерден үйренуге болмайтын қасиеттердің бірі. Өйткені, рушылдық көңілдің сууына, бөлінуге, жауласуға ғана алып келеді. Қазақтың ауызша тарихын зерттеген Ақселеу Сейдімбек те бүгінде рушылдық жоқ, рушылдық болу үшін ол рудың жері, малы болуы керек, ол өзінше әкімшілік бөлініс, ал қазіргі рушылмыз деп жүргендер өздерінің жеке мүддесін іске асыру үшін топ құрып жүргендер ғана деп ашық айтқан. Мұхтар Мағауин да Қазақ ордасының әлсіреп, орысқа барып қосылуын осы рушылдықпен байланыстырады. Тәуке ханның кезінен бастап, төрелердің билігі әлсіреп, билердің ықпалы күшейіп, ақыр аяғында жүзшілдік, рушылдық, өзара бәсеке күшейіп, бұрын болмаған масқараға тап болдық дейді. Одан кейінгі қазақ даласында болған көтерілістерді зерттеп көрсек те, өзара қырсығып жүрген бақталас рулардың бір-біріне тигізген зиянын байқаймыз. Демек, «Рушыл адам ешқашан ұлтшыл бола алмайды» деген, осыған дейін интернет желісінде таралған сөз әбден дәлелденіп болған, ендігіде бас қатыруды қажет етпей мойындайтын аксиома екенін көреміз.
Үшіншіден, бір ескеретін нәрсе бар: қазақтан басқа халықтарға жек көрінішпен қарайтын ұлтшылдықтың өзі – шындап келгенде рушылдықтың үлкен түрі. Яғни, тұтас адамзат, оның ішінде түркі тектестер, соның ішінде қазақ халқы дейтін болсақ, біздің тек «қазақ-қазақ» деп кетуіміз біртұтас қазақтың ішінде отырып өз руы үшін ғана өмір сүрген байғұстың тіршілігіне ұқсауы мүмкін. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейтін ғақылиядан аттау анық қателік болады. Бірақ біз арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, ұлтшыл бола аламыз. Солай етпесек болмайды да. Қараңыз: қазақ елі – мұсылман әлемінің және түркі дүниесінің шекарасында тұр. Бізден терістікке және күнгейге қарай мұсылман да жоқ, түркі де жоқ (тәуелді бауырлас халықтарды қоспағанда). Біз енді Жаратқан Иеміз берген ортақ тіл, ортақ дәстүр, ортақ мінез айналасында ұйысып, басқа өркениеттермен иық тірестіріп, нық басып тұрмасақ болмайды. Біздің тасамызда бірнеше түркі, мұсылман халықтары бар.
Осылай ниетімізді туралап алып, ұлтшылдыққа тура келмесек, ардың-күрдің келген болмайды. Біз басқаларды жек көрмей, өз-өзімізді жақсы көрейік, бағалайық.
Енді, төртіншіден, ұлтшылдық «модаға» айналмауы тиіс. Ол барлық жасандылықтан ада болуы тиіс.
Менің ойымша, өзі ұлтшылдық екі-ақ сезіммен анықталады. Біріншісі, бала кезіңнен бойыңа сіңіріп өскен құндылықтарға деген махаббат. Қан арқылы берілген қасиеттер. Оның бәрін шын қазақ сезінеді, соны жоғалтып алудан сақтанады. Екінші сезім – ұрпақтың қамы. Бұл кәдімгі түйсік. Инстинкт. Біз өлеміз, біз өлген соң балаларымыз қандай қоғамда өмір сүреді? Егер Қазақ елі мықты болса, сол қоғамның бөлшегі болатын біздің баламыз да жаман болмайды. Сондықтан да біз осы халықты жақсы көреміз де, оны ұлтшылдық деп атаймыз.
Бесінші керек қасиет – Мемлекетшіл болу. Төте жазумен кітабы бірнеше рет басылып шыққан, арғы бетте миллиондап оқылған Жарқын Жеті атты интернет жазушысы былай дейді: «Қазақ халқы мемлекетшіл болу мен билікшіл болуды шатастырмауы керек. Мемлекетшіл адам – өз үйін қалай қадірлесе, өз мемлекетін солай қадірлейді. Ол үшін көшеде өсіп тұрған әрбір гүл қымбат. Ол көшеге түкірмейді. Көшені ластап, тұрған нәрсені сындырып кететін адам – ол өзін осы елде жат сезініп жүрген, өзінің осы жағдайына наразы адам. Басқаша айтқанда ол келімсек не құл болуы мүмкін. Ондайды психологияда «негрлік психология» деп атайды. Біз кейде совет үкіметінен қалған әдеттерімізді қазіргі өз мемлекетімізге тастамай алып келгендейміз. Ол кезде біздің психологиямыз тәуелді халықтың, яғни «негрдің психологиясы» болған еді. Енді қазір біз өз елімізде отырмыз. Сондықтан да билікке қарсы боламын деп мемлекетке қарсы болуға болмайды, сол секілді мемлекетшіл адамды билікшіл деп айыптау да қате».
Яғни, біз мемлекетшіл болуымыз керек екен. Сонау Солтүстіктегі ең шеткері ауылдан бастап, Оңтүстіктегі шекараға дейін әрбір құмын жақсы көруіміз керек. Оның ішінде оңбаған әкім де, қазақша білмейтін, тіпті қазаққа қарсы осы елдің азаматы да болады. Бірақ оның бәрі өткінші, ертең-ақ өзгеретін нәрсе деп, алысты көретін көрегендікпен қарауымыз қажет.
Сол секілді, әртүрлі діни ағымдардың, саяси ұйымдардың ықпалымен осы мемлекетке қарсы сөз айтудан, әрекет етуден, ең бастысы көтеріліске шығудан сақтану. Сақтану емес, ондай әрекеттерге жан-тәнімізбен қарсы болу. Таласбек Әсемқұлов: «Қандай да болмасын саясаттың ар жағында біреудің бизнесі, ақшасы тұр... Асқар Сүлейменов: «Егер сен білімді, жақсы жазбаларыңмен ұрпақтың, жастардың санасын тазалап, жақсы азамат етіп қалыптастырсаң, саяси күрестің не керегі бар? Сен мақсатыңа жеттің», - деп керемет айтқаны бар. Менің күресім – жастардың сауатын ашу» дейді. Бұл, әрине, саясатқа жастар араласпау керек деген сөз емес. Кәсіби түрде араласып, өмірін соған арнайтындар иманын ұмытпай, ел алдындағы борыщын есте сақтап саясатқа баратын болса, құба-құп. Көпшіліктің саясатты бақылап, өзінше салмақтап отыруы да орынды. Бірақ сауатсыз түрде кіріп кетіп, әлдекімдердің қолшоқпарына айналу – мемлекеттік мүддені ұмыту – біз айтқымыз келетін қателік осы.
Алтыншы мәселе – елімізде тіршілік етіп жатқан басқа ұлт өкілдерін жек көрмеу. Бұл біздің әлсіздігімізді білдіреді. Аталарымыз сол өзге ұлттарға міскін ретінде қарап, қамқорлылғына алған. Жетімдерді өсіріп, үйлендіріп жіберген, түрмеде жатқан әйелдерге тас лақтырған болып құрт лақтырып, оларды аштан алып қалған. Аталарымыз сондай ауыр заманда жазықсыз жандардың кім, зұлымдардың кім екенін айыра білген, жазықсыздарына мейірім таныта алған. Ал біз бүгінде өз елімізді өзіміз басқарып отырып, аталарымыз қабылдаған міскіндердің ұрпағына өшпенділікпен қарайтын болсақ, атамызға жетпей туғандығымыздың белгісі болады. Әдебиеттанушы Кенжебай Ахметов былай дейді: «Қазақстандағы басқа ұлт өкілдері – қазақтың панасында өмір сүріп жатыр. Қазақтар оларға ағалық қамқорлықпен қарауы керек».
Жетінші кезекте үлкендерден үйрену жағына тоқталғым келеді.
15 пен 35 жас аралығындағы азаматтар қоғамның қол-аяғы болса, оларды басқаратын егде тартқан кісілер – қоғамның басы секілді. Расында да, бюджетті жоспарлап, бөлетін, мекемелердің басшыларын тағайындайтын, заң шығаратын, қылмыс жасағандарды соттайтын, жалпы осы қоғамның бағдарын анықтайтын – үлкен кісілер, ақсақалдар. Солай болуы орынды да. Бірақ... Бірақ соғысты бастайтын, әртүрлі діни ағымдардың кіруіне себеп болатын, көтеріліс ұйымдастыруға ақша бөлгізетін, ру-руға бөлініп, жастарды өз мүддесі үшін пайдаланатын тағы сол үлкен кісілер. Жастар көп жағдайда үлкен-үлкен афераларды жасауға тәжірибелері жетпейді, бірін-бірі жек көріп кетуге өзіндік негіздері де көп болмайды. Көбіне үлкендерге еру арқылы жік-жікке бөлінеді.
Жастарды үлкендерге қарсы қою деген мақсат менде жоқ. Тек қазіргі біздің жағдайдағы үлкендерден не үйренуге болады, олардан нені алып қалу керек және олардың қандай қасиеттерін жұқтырмау керек деген мәселеге тоқталғым келеді.
Бізден бұрынғы ұрпақ – Совет үкіметінде туған, сонда қалыптасқан ұрпақ. Олардан үйренуге болмайтын нәрселер мыналар: арақ ішу, үкімет жасап береді деп бәрін үкіметтен күту, орыс пен батыстыкін бәрінен артық көру, яғни өзімізге тән нәрселерді қор санау. Бірақ бұл ұрпақ – бізді алдыңғы ұрпақпен, бұрынғы қазақтармен жалғайтын ұрпақ. Сондықтан да бар жақсылығын бойымызға қотарып алуымыз керек. Ауыл қазақтарының еңбекқорлығы, олардың ұстап қалған салт-дәтүрі, қазақы мінездер – тез арада өзімізді өзіміз күштеп болса да үйренетін нәрселер. Ғалымдардың білетіні, қызметтегілердің тәжірибесі, шығармашылық адамдардың үлгісі – бұл бізге басқа ешкім бере алмайтын байлықтар. Бұл жағынан келгенде, әуелі біз оларға шәкірт болуға жараймыз ба деген мәселе шығуы мүмкін.
Сегізінші мәселе осы жастардың сапасына келіп тіреледі. Қазақ жігіті өзін-өзі қалай дамытуы керек?
Төрт түрлі даму бар. Рухани, интеллектуалдық, физикалық, материалдық. Осы төрт түрлі дамуға әрбір жас мән беруі тиіс. Имансыз, ақылсыз, әлсіз, кедей адам ұлттың қамын жеп, не жарытпақ?
Тоғызыншы, көбеюіміз керек. Бұл – отбасымызға берік болумен келеді.
Оныншы, ең негізгі мәселенің бірі – жұртқа ақыл айтуды, басқаларды өзгертпек болуды кейінгі кезекке қоюымыз керек. Алдымен сегізінші кезекте тұрған мәселеге мән берейік. Өз мінімізді қолға алайық. 15 пен 35 жас аралығы – тұлға болып қалыптасатын уақыт. Басқаларды қалыптастыру басты міндетке айналатын уақыт одан соң келеді әлі...
Бүгінгі 15 пен 35 жас арасындағы буынның мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Осы буын қалай әрекет етсе, елу жылдан кейінгі Қазақстан сондай болмақ. Егер дәл қазір сапамызды арттырып, санымызды көбейтіп қалсақ; үлкендерден үйренетін нәрсені ғана үйреніп, оны бойымызға сіңіріп, бұрынғы қазаққа тән баға жетпес мінездерді қайта жаңғыртып, кейінгі буынға – өз балаларымызға үйретіп қала алсақ; сол ұрпақ 15 пен 35-ке келгенде, одан соң олардың балалары 15 пен 35-ке келгенде Қазақстан ешкімге кеудесін бастырмайтын ел болады, бұйырса.
P.S: Бұл жазба ұзақ уақыт ойда жүріп, әбден піссе де, жазылғанда өте салқынқандылықпен, ыстық сезімсіз жазылды. Сіздің де ойыңызда жүрген түйткілдерге дәл келсе, бек қуаныштымын.
Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Еліміз қияметке дейін дербес болғай!
Құрметпен, Арман ӘЛМЕНБЕТ
Ұлт порталы