15 нау, 2024 сағат 14:18

15 наурыз - Қайырымдылық күні


Бүгін, 15 наурыз, елімізде Қайырымдылық күнін атап өтілуде.

Қайырымдылық — адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Өз кезегінде Наурыз — адам бойындағы осы асыл қасиеттерді біріктіретін, ізгілікке жол ашатын мейрамдардың бірі. 15 наурызды Қайырымдылық күні деп белгілеу - Наурыз мейрамының қадірін арттыра түскендей. 

Еліміздің түкпір-түкпірінде қайырымдылық, мейірімді насихаттайтын түрлі іс-шара өтеді. Астанада қарттар үйі, балалар үйі мен көпбалалы отбасыларға арнайы мерекемен құттықтау іс-шарасы өткізіледі. Сондай-ақ қала әкімінің қатысуымен көпбалалы аналар, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен зиялы қауым өкілдеріне ауызашар беріледі.

Биыл Наурыз он күн бойы тойланады. Осы уақыт аралығында республика бойынша 400-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады.

"Олардың ішінде республикалық мәдениет ұйымдарымен 79 іс-шара, ал өңірлердің ұйымдастыруымен 276 іс-шара өтеді. Министрлік және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылатын «Ұлы істің – Ұлы таңы» атты басты мерекеміз – 21 наурыз күні Астана қаласының ЭКСПО аумағында өтеді. Аталған мереке аясында киіз үйлер құрылып, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазіргі таңда мерекенің тұжырымдамасы бекітіліп, дайындық жүргізіліп жатыр", – деді ҚР МАМ Мәдениет комитетінің төрағасы Сәбит Барлыбаев.