12 қаң, 2024 сағат 17:44

"15 қаңтарда Алматыда жер қатты сілкінеді": сейсмологтар болжамдарын бөлісті

© Фото: Максима Золотухина

Әлеуметтік желіде Алматыда жойқын жер сілкінісі болады деген ақпарат тарады. Сейсмологтар бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Бүгін Алматыда мамандардың қатысуымен брифинг өтті, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бір Алматының маңында 30 астам қауіпті сілкініс бекеті бар.

"Сілкініске қауіпті бекеттер Алматы аймағында шоғырланған. Осындай 30-дан астам сілкініс бекеті бар. Бұл бекеттердің деректері дереу орталыққа жиналып, ғылыми орталықта талданып, өңделеді", - дейді сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің Ұлттық ғылыми орталығы директорының міндетін атқарушы Нұрсәрсен Өзбеков.

Өзбековтың айтуынша, сейсмология саласында еңбек ететіндер - 40 жылдық тәжірибесі бар мамандар, яғни шатасуы мүмкін емес.

"Бұл салада еңбек етіп жүрген мамандар бәрі кәсіби. Алматы өңірінде болатын жер сілкінісін орта мерзімде болжауды орталық мамандары 1998 жылдан бері жасап келеді. Сол кезден бері болжамдары қате болған жоқ. Былтырлары біз осындай орта мерзімді жер сілкініс болжамын жасағанбыз, сол болжам бойынша былтыр күшті жер сілкінісі болған жоқ. Ол кезде алматыда 7 баллдан асатын, магнитудасы 5,5 болатын жер сілкінісі болмайды деп болжанған", - дейді сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің Ұлттық ғылыми орталығы директорының міндетін атқарушы.

Сейсмологтар биыл қаңтар айының үшінші декадасында Алматыға қатысты орта мерзімге арналған сілкініс қаупін анықтап, байлам жасайды. Ол тиісті мекемелерге жіберіліп, шешім қабылданады.

"Әлеуметтік желідегі 15 қаңтарда Алматыда күшті жер сілкінісі болады деген ақпарат жалған. Блогерлер қандай негізге сүйеніп айтқаны белгісіз, өйткені оларда ешбір зерттеу құралы жоқ. Алматы және Алматы облысының тұрғындарына үрейленуге негіз жоқ", - дейді Нұрсәрсен Өзбеков.

Алматыдағы 33-тен астам сейсмикалық кешенді бекеттерден үздіксіз мәліметтер түсіп, өңделіп жатыр. Өткен сәренбіде ғана болжау комиссиясының отырысы болған. Отырыста Алматы өңірінде алынған кешенді деректерді талдап, өз болжамдарын тиісті органдарға жіберген. Биыл Алматыда жойқын жер сілкінісі бола ма, жоқ па - болжам нәтижесі қаңтар айының соңында белгілі болады.

Жалпы Қазақстандағы сейсмикалық қауіпті аймақтар - Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстары.