Фото: ©️ Tengrinews.kz
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматыда бұрынғы полиция қызметкерлері жасөспірімді зорлады деген күдікпен ұсталғанын растады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Алматыда екі полицей 14 жастағы жасөспірім қызды зорлады деген ақпаратты растай аласыз ба? Бұл рас болса, күдіктілер ұсталды ма?" - деп сұрады журналистер Мәжіліс кулуарында.
"Өкінішке қарай, мұндай деректің болғаны рас. Бұл қылмысты бұрынғы қызметкерлер жасады. Осы жағдайдан соң бірден қызметтік тексеріс жүргізіліп, тәртіптік комиссияның отырысы өткізілді және аталған адамдар жағымсыз себептермен жұмыстан шығарылды. Олар қылмыстық іс шеңберінде қамауға алынды", - деді Сәденов.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте ІІМ басшысы "полицейлер қылмыс жасаған кезде құқық қорғау органдары қатарында қызмет етті ме?" деген сұраққа да жауап берді.
"Иә, растаймын", - деді Ержан Сәденов.
Айта кетейік, күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігі ("Зорлау") бойынша 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.