- Шығыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің денсаулық сақтау бойынша сараптау жұмыс тобы аймақтағы медицина мекемелерін, соның ішінде оңалту орталығының жұмысын тексеріп, өз отырысында облыстағы денсаулық сақтау мәселелерін талқылады. Ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленген соң, оларды ШҚО қоғамдық кеңесіне жіберді.
Аймақтағы медициналық мекемелерді сарапшылардың аралап шығуы нәтижесінде мына жайттар белгілі болды: №4 қалалық аурухана жаңа құрал-жабдыққа зәру, ал Өскеменнің жедел медициналық көмек станцияларының автопаркін жаңарту керек, себебі 13 реанимобильдің алтауы жұмысқа жарамсыз.
Пациенттерден ең көп шағым түскен облыстық оңалту орталығына сарапшылар еш жоспарсыз барды.
«Нысан барлық қажетті құралдармен жабдықталған, штат та толық жасақталған, - дейді ШҚО қоғамдық кеңесі денсаулық сақтау бойынша сараптау жұмыс тобының төрайымы Татьяна Чернышова. - Бірақ, бірқатар мәселелер бар екен. Жаңбыр суын ағызатын канализацияның дұрыс құрылмауынан лифт шахтасын үнемі су басады. Сол себепті, оңалту орталығына аса қажет лифтілер қазір істемей тұр.
Ғимарат шатырынан су ағады. Жертөле қабаты сапасыз жасалған. Ондағы ылғалдың көптігінен зең пайда болған. Ем ванналары толық қуатымен жұмыс істемейді, себебі оған су дұрыс берілмейді, сапасы да сын көтермейді. Мұндай жағдайда ем қабылдаудың өзі мүмкін емес.
Жылу торабы реттелмегендіктен, жылу шығыны есепте көрсетілген шамадан асып кеткен. Душ бөлмелерінде еденге бекітілмеген тайғанақ төсеніштер қойылған. Тұтқалары жоқ. Осы кемшіліктің бәрін ғимратты тұрғызған құрылысшылар жөнге келтіруі тиіс».
Облыстық ана мен бала орталығының директоры Сергей Попов қымбат ем түрлеріне жеңілдіктердің пациент күте алатын ауру түрлеріне (буын, көз аурулары) ғана бөлінетінін айтты. Кардиологиялық оталар жасаудың жөні бөлек. Олар еш шектеусіз жасала береді және қазір ешқандай кезек жоқ. Сондай-ақ, Қазақстанда көрсетілмейтін медициналық қызмет түрлеріне де жеңілдіктер бар, бұл жағдайда пациенттер шетелге ем алуға барады. Алайды қазір басқа әдіс қолданылуда.
«Біздің клиникалар барлық қажетті құралдар бар, тек қажетті білім мен қабілет жетпей жатыр. Пациенттерді шетелге шығарғаннан, шетелдік мамандарды Қазақстанға шақыру және отандық мамандарды оқыту әлдеқайда арзанырақ. Сондықтан, біз шетелдік мамандарды көптеп шақырып, пациенттерді осында емдеп жатырмыз. Осылайша, отандық дәрігерлер тәжірибе жинақтауда, ал біз шеберлік сағаттары кезінде бірнеше пациенттерімізді емдеп алуға тырысамыз», - деді облыстық ана мен бала орталығының директоры Сергей Попов.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 5 президенттік реформаның бесінші тапсырмасы - халыққа есеп беретін үкіметті қалыптастыру. Бүгінде аймақ бойынша жергілікті атқару органдары жанында 20 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді.