Сурет: Nur.kz
Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап колледждер мен университет студенттерінің шәкіртақысы өседі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР премьер-министрінің сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Олжас Бектенов 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждер мен университет студенттерінің шәкіртақысын арттыруды көздейтін қаулыға қол қойды.
Колледж студенттері үшін шәкіртақы 50 пайызға артады:
- жұмысшы мамандықтары бойынша 43 574 теңге;
- орта буын мамандары үшін 41 896 теңге болады.
Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға артып, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогика және медицина бағыттарындағы білім алушылардың стипендиясы 75 600 теңгеге дейін көбейеді.
Интернатурада оқитындарға шәкіртақы 85 376 теңге, ал резидентурада – 123 122 теңге көлемінде төленеді.
Магистранттар мен докторанттарға шәкіртақы 15 пайызға артады, оның мөлшері тиісінше 107 061 теңге және 240 000 теңге болады.
"2025 жылғы 1 қыркүйекте шәкіртақы бакалавриат студенттеріне 20 пайызға, магистранттар мен докторанттарға 15 пайызға көбейеді.
Жалпы, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап стипендияны көбейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Соның нәтижесінде 2025 жылға қарай ЖОО мен колледж студенттерінің стипендиясы екі есеге, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есеге өседі", - делінген хабарламада.
Биылғы жылдың ақпан айында 2024 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға өсетіні белгілі болған еді. Наурызда қазақстандық бакалавриат, магистратура және докторантурада оқитын студенттерге арналған шәкіртақы көлемін ұлғайту бойынша түзету жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.