27 қаз, 2023 сағат 19:39

1 қарашадан бастап Қашағанда өндіріс тоқтай ма – Сәтқалиев жауап берді

Фото: sk.kz

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 1 қарашадан бастап Қашағанда өндіріс тоқтауы мүмкін деген ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Бірнеше аспект бар. Энергетика министрлігі бағытында консорциуммен (North Caspian Operating Company) арада жалғасып жатқан дау экологиялық шығарындыларға қатысты емес. Бұл — мердігердің өнімді бөлу және шығындыларды есепке алу туралы келісімнің шарттарын орындауына байланысты таза коммерциялық дау. Сан мәрте пікір білдірдім. Ол жерде шым-шытырық процесс жүріп жатыр. Жалпы алдын ала нәтижесі белгілі бола салысымен көпшілікке ақпарат береміз», — деді министр БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, қоршаған ортаны қорғау бағытында Қашаған кен орнында күкірт сақтауға байланысты дау жүріп жатыр.

«Соттардың тиісті шешімі бар. Кен орнындағы жұмыстың тоқтауына алып келетін ешқандай фактор жоқ. Оның үстінде мемлекеттік органдар тарапынан да жұмысқа кедергі көріп тұрғаным жоқ», — деді Алмасадам Сәтқалиев.