Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театры және «Дариға-ай» жастар театры 1-қыркүйек күні Абай театры алаңында «Шабыт аймағы» атты жыл сайынғы дәстүрлі театр маусымын ашты.
Алаңда алдымен үш театрдың жүргізушілері шығып, биылғы маусым туралы, алдағы болатын қызықтар жайлы жиналған жұртқа ақпарат берді. Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының әртістері Т. Ғиззаттың «Башмақ жоғалды» спектаклінен үзінді көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленсе, Ф.М. Достоевский атындағы орыс драма театрының әртістері флешмоб ұйымдастырып жиналған жұрттың делебесін қоздырды, ал Дариға-ай жастар театрының әртісі Акрам Райымбек ән салып, әртістері қалың жұртшылықты биге шақырып көңіл көтерді.
Одан кейін өнер сүйер қауым фойеге шақырылды. Сан қырлы, сыры мен сыны көп сахна өмірі өз қақпасын айқара ашты. Күнделікті қойылымдардан бөлек ел назарынан тыс тұратын сахна сәндеушілері, костюм меңгерушілері, суретшілер, әнмен әрлеушілер келген қонақтарды қарсы алып бір сәтке сахна саңлағы бейнесіне енгізіп, шабыт сыйлады. Фойеге лық толған өнер сүйер қауым сүйікті кейіпкерлерінің киімін киіп, қалам ұстап ақын болып, найза ұстап батыр болып, қылқалам ұстап суретші кейпіне кірді. Әрине, соның барлығын естелікке сақтау үшін фотосуретке түсіп, әбден қызыққа батқан жұрт көрермен залына беттеді. Бұл жерде аталған үш театр әртістері репертуарларындағы ең қызықты спектакльдерден үзінді көрсетті. Бір қызығы, қойылған спектакльдің соңынан көрермен арасынан әртіс сезінгісі келетін жандарды сахна төріне шығарып, ұсынылған спектакльдерге әртіс ретінде қабылдап, өнер көрсетуге мүмкіндік туғызды. Табан асты тапқырлық танытып көрермен арасынан шыққан қыз-жігіттер де елдің ықыласына бөленді. Әртістер сезінетін шабытты, қошеметтен алатын ләззатты сезініп, ерекше көңіл-күймен жайғасты. Спектакльдерден соң әсем әндер айтылып, мың бұралған билер ұсынылды Кеш соңы театр әнұранымен аяқталды.
Мерей Қартов, әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Ұлт порталы