Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап бала құқығына бағытталған 13 халықаралық құжатқа қол қойды. Ал былтыр Елбасы Н.Назарбаевтің тапсырмасымен бала құқығына қатысты уәкілетті институттың құрылды. «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Балалар біздің қоғамның әлсіз әрі өзін-өзі қорғай алмайтын бөлігі. Олардың құқығы бұзылмауы қажет. Біздің елде туылған кез келген бала қазақстандық. Мемлекет оның жағдайын жасап, қамын ойлауы тиіс», – деді мемлекет басшысы. Қазақстанда бала құқығын қорғауға қатысты қандай шаралар атқарылып жатыр?
Бүгінде елімізде 5 млн бала болса, оның 1 млн 508 мыңы мектеп жасына дейінгі балалар. Қалған 3 млн.нан аса бала мектеп жасындағы балалар. Қазақстан «Бала құқығы туралы» БҰҰ Конвенциясына қосылғаннан бастап бала құқығын қорғау жұмысына баса назар аударып, күш салып жұмыс істеп келеді. Еліміз БҰҰ Комитетінің ұсыныстарына сүйеніп жұмыс атқарады. 2000 жылдан бері елімізде бала туу көрсеткіші 400 мыңға, яғни 1,4 есеге өсті. Ал 1990 жылдан бері Қазақстан ана мен бала өлімін 3 есеге кемітіп, йод жетіспеушілігі себебінен болатын ауруларды жойды. Сонымен қатар АИТВ мен ЖИТС ауруларының анадан балаға берілуін толықтай дерлік жоя алды.
Еліміз егеменді болған сәттен-ақ бала құқығын қорғаудың ұлттық моделін құрды. Сондай-ақ балалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау бір жүйеге түсті.
Қазақстанда кәмелетке толмағандарға арналған 19 сот бар
Кәмелетке толмағандарға арналған сот төрелігі бүгінгі күні негізгі халықаралық стандарттарға сай келе ме? Бұл сұраққа Адам құқықтары ұлттық орталығының жетекшісі Серік Оспанов жауап беріпті.
– Балалардың құқығын қорғау – ел саясатының басты бағыттарының бірі. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, балаларды зорлық-зомбылықтан және қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау – біздің мемлекетіміздің басты әлеуметтік міндеті. Оның шешімі сәтті болуы үшін мемлекеттік органдар мен мамандар – психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың үйлестірілген механизмі қажет. Баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау жасөспірім заңға қайшы келетін жағдайларда аса маңызды. Атап айтқанда, бала қылмыстық оқиғаның куәгері не құрбаны болған жағдайда немесе баланың өзі заңды бұзғанда нақты әлеуметтік және құқықтық кедергілерге тап болады. Өзінің «кәмелетке толмаған» деген статуысының себебінен әлсіз болып шыға келеді. Сол себепті 10 жыл бұрын Қазақстанда кәмелекте толмағандарға арналған сот енгізілді. Қазір елді кәмелетке толмағандарға арналған 19 сот жұмыс істеп келеді. Менің ойымша, бұл шаралар кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін халықаралық стандарттарға сай жаңа деңгейге жеткізді.
БҰҰ сарапшылары Қазақстанның оң тәжірбиесін мойындайды
Сот бала құқығының бұзылғаны туралы азаматтардың арызын қарап, балаларға арналған мекемелерде балалардың құқығы қорғалатын-қорғалмайтынына қатысты мониторинг жүргізеді. Серік Оспановтың айтуынша, бала құқығы тапталғаны туралы әр азаматтың арызы жеке қаралады. Әрине, бұл орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басқаруымен жүзеге асады. Сот қызметкерлері мониторинг жүргізу үшін сәбилер үйін, балалар үйін, кәмелеттік жасқа толмағандар орталығын, әлеуметтік, ағарту және өзге де мекемелерді аралайды. Мұндай мониторингті жүзеге асыруда Азаптаулардың алдын алу жөніндегі ұлттық алдын алу механизмі мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі маңызды рөл атқарады. Азаптаулардың алдын алу жөніндегі ұлттық алдын алу механизмі мандатына кәмелетке толмағандарды, арнаулы оқу орындарын қоса алғанда, қамауда ұстаудың арнайы режимі, білім беру колониясы, кәмелетке толмағандарды уақытша ұстау және қамау орындарында ұстауға арналған камералар, полиция учаскелері, психиатриялық және туберкулез диспансерлеріндегі балалар бөлімшелері, әйелдер үйі колониялары жанындағы балалар үйі кіреді. Ал 2017 жылы бұл ұйымның балалар мекемелеріне қатысты мандатын кеңейту туралы заң қабылданған болатын. Заң жобасы атап айтқанда, жетім балаларға арналған үйлер, денсаулық сақтау және білім беру жүйесіндегі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек балаларға арналған медициналық және әлеуметтік мекемелер және т.б. сияқты мекемелерге мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге халықаралық ынтымақтастықты нығайту – ювеналды әділет жүйесін жетілдірудің маңызды шаралардың бірі. 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) Қазақстанның 9 аймағында Еуропалық Одақтың Қазақстандағы кеңсесінің қолдауымен «Отбасындағы зорлық-зомбылық пен сот төрелігі саласындағы білім, көзқарастар мен практика» тақырыбында зерттеу жүргізілді. Оның нәтижелері балаларға қатысты әділеттілік және тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы балалармен жұмыс істейтін халықтың және мамандардың білімін, көзқарасы мен тәжірибесін бағалауға мүмкіндік берді. Былтыр халықаралық сарапшылардың омбусмендерімен кездесу өтті. БҰҰ сарапшылары балалардың құқықтарын қамтамасыз етудегі Қазақстанның оң тәжірибесін, ұлттық заңнаманы дамытудың жоғары деңгейін атап өтті және осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниет білдіргенін атап өткен жөн.
18 қалада балалар мен жастарға арналған 20 қоғамдық қабылдау бөлмесі бар
Елімізде «ҚР ювеналдық әділет жүйесінің жұмысын жетілдіру және осал топтардың білікті заң көмегіне қолжетімділік деңгейін арттыру» жобасы бар. Жоба кәмелетке толмағандардың істері бойынша сот төрелігі жүйесінің институттарының қызметін жетілдіруге бағытталған. Жоба шеңберінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот төрелігі жүйесіне қатысатын үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің білім деңгейін арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігі саласындағы ұлттық заңнаманың қазіргі жағдайы бақыланады және кәмелетке толмағандардың құқықтық қызметтерге қолжетімділігі бағаланады. Жобаның арқасында 18 қалада балалар мен жастарға арналған 20 қоғамдық қабылдау бөлмесі мен «150» сенім телефоны дамуға жаңа серпін алды. Мысалға айтар болсақ, өткен жылы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қатысушылары наурыз бен қараша арасында 273 сот процесіне қатыса алған. Азаматтар қоғамдық жобаларға түрлі мәселе бойынша келеді. Соның ішінде алимент төлеуді қалпына келтіру, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың болғанын хабарлау және т.б. жағдайлар бар. «150» сенім телефонының қызмет етіп келе жатқанына 12 жыл болды. Осы уақыт ішінде 1,5 млн қоңырау түскен. Ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бала құқығы бұзылғандығы туралы 8 452 қоңырау шалынған. Соңғы жылдары ауылдық аймақтардан түсетін қоңыраудың жиілегені қуантады. Демек ауылдың халқы да бала құқығы мемлекеттік органдар басшылығымен қорғалатынын түсіне бастады.
Сондай-ақ жоба аясында алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірбиелерді меңгеру қолға алынуда. Қазір де аталмыш жобаның жұмысы жалғасуда. Бүгінде халықтың әлсіз категорисымен жұмыс істеуде біліктілігі жоғары мамандар жасақталды.