Қазақстан Ұлттық банкі жалғыз акционер ретінде «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ мен «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ қосып қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қайта ұйымдастырылған компания «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ мен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ қызмет бағыттарын сақтайды. Атап айтқанда, олар - екінші деңгейдегі банктерді қаржылық қолдау арқылы банк секторының қаржылық тұрақтылығына жәрдемдесу; ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру, сондай-ақ бағдарламаға сәйкес екінші деңгейдегі банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқығын сатып алып, «7-20-25 Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы мен «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық өнім операторының функцияларын жүзеге асыру» деп хабарлады Ұлттық банк.
Қайта ұйымдастыру банк секторын дамыту және халық үшін ипотекалық қарыздардың қолжетімділік деңгейін арттыру мақсатында «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ мен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ активтерін тиімді пайдалануды арттыруға мүмкіндік береді.