Жетісу облысында қонжық көшеде жүгіріп жүрген сәт видеоға түсіп қалды

Жетісу облысында қонжық көшеде жүгіріп жүрген сәт видеоға түсіп қалды
видеодан скриншот

Жетісу облысының Сарыөзек ауылында елді мекен аумағына кіріп кеткен қонжықты іздеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Жабайы жануар түсірілген видео әлеуметтік желілерде тараған. Куәгерлердің айтуынша, қонжық таңғы сағат 5 шамасында байқалған. Көліктен шошып кеткен жануар ауыл көшелерінің біріне қарай қашып кеткен.

Ауыл әкімдігі қазіргі уақытта қонжықты іздеу шаралары ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар мамандары, орманшылар мен ветеринариялық станция өкілдері жұмылдырылған.

Жергілікті тұрғындарға сабыр сақтап, жануар қайта байқалған жағдайда бірден тиісті органдарға хабарлау ескертілді. Сонымен қатар мамандар қонжыққа зиян келтірмеуге шақырды.

Әзірге жабайы жануардың ауылға қалай келгені белгісіз. Сарыөзекке ең жақын орналасқан Алтын-Емел ұлттық паркі ондаған шақырым қашықтықта орналасқан.

Әлеуметтік желі қолданушылары қонжықтың пайда болуына қатысты түрлі болжам айтып жатыр. Кейбірі оның қолдан қашып кеткенін жазса, енді бірі жануар ауру болуы мүмкін деген пікір білдіруде. Алайда жергілікті билік нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты.