Қытайдың Шаньси провинциясындағы көмір шахтасында болған жарылыс салдарынан 82 кенші көз жұмып, тағы 9 адам із-түзсіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы оқиға 22 мамыр күні Циньюань уезіндегі Люшэньюй көмір шахтасында болған. Бұл туралы Синьхуа агенттігі мәлімдеді.
Апаттан кейін оқиға орнына Қытай Мемлекеттік кеңесі төрағасының орынбасары Чжан Гоцин барған. Ол жарылыстың себептерін жан-жақты тексеріп, кінәлілерді қатаң жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Сондай-ақ вице-премьер құтқару жұмыстарын ғылыми негізде ұйымдастырып, екінші реттік апаттарға жол бермеуді талап еткен. Ол жоғалған адамдардың нақты саны анықталып, ешкімнің есептен тыс қалмауы керектігін атап өтті.
Бұдан бөлек, зардап шеккендерге үздік медициналық көмек көрсету және қаза тапқандардың отбасыларына қолдау білдіру жөнінде тапсырма берілген.
Чжан Гоцин жергілікті билікке көмір шахталарындағы еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, заңсыз әрекеттерге қарсы қатаң шара қабылдауды тапсырды. Әсіресе қауіпсіздік мониторингі деректерін бұрмалау, жер астындағы жұмысшылар санын жасыру және заңсыз субмердігерлікке ерекше назар аударылмақ.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинге және Қытай халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.