Танымал продюсер Баян Мақсатқызы әнші Балжан Бидаштың KeshYOU тобының мерейтойлық кешіне қатыспайтынын айтты. Продюсердің сөзінше, бұған деректі фильмде айтылған пікірлер себеп болған, деп хабарлайды ult.kz.
Баян Мақсатқызы Балжан Бидаштың ұзақ жыл бойы ұжымда еңбек еткенін айтып, оның еңбекқорлығы мен өнердегі қабілетін жоғары бағалады.
Сонымен қатар продюсер әншінің топтың маңызын, ұжымның тарихын және өзіне берілген мүмкіндіктерді толық түсіне бермейтінін жеткізді.
Баян Мақсатқызының айтуынша, фильм шыққаннан кейін Балжан Бидаш өзіне қатысты кей пікірлерге көңілі толмай, продюсерге хабарласқан. Алагөзова әр адамның шындықты өзінше қабылдайтынын айтып, KeshYOU тобының өз талаптары мен қалыптасқан образы бар екенін түсіндірген.
Продюсер сондай-ақ топ құрамына кімнің лайық екенін өзі шешетінін атап өтті. Оның сөзінше, KeshYOU әншінің шығармашылық жолында үлкен рөл атқарған.
Бұдан бөлек, Баян Мақсатқызы Балжан Бидаштың мерейтойлық концертке алғашында келісім беріп, кейін қатысудан бас тартқанын сынға алды. Продюсер мұндай шешім шығармашылық топты қиын жағдайға қалдырғанын айтты.