31 қаң, 2019 сағат 14:11

«Зұлмат» (деректі фильм)

Қаңтардың 30-ы күні кешке Алматыдағы "Арман" кинотеатрында журналист Жанболат Мамайдың 20 ғасырдың бас кезінде Қазақстанда болған ашаршылық туралы деректі фильмі көрсетілді. Бір сағат 25 минутқа созылатын деректі фильмді көруге көп адам жиналды.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, көрерменнің көптігіне байланысты фильм бір мезгілде театрдың үш залында қатар қойылған. Алайда соған қарамастан, залға сыймаған кей адамдар фойеде тұрып қалды.

Бес бөлімнен тұратын "Зұлмат" деректі фильмінде қазақстандық тарихшылардың 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы екі ашаршылық және оның себептері жайлы нақты деректері рет-ретімен көрсетілген.

Фильм әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметовтің естелігінен басталады. Ол аштық белең алған кезде ит-құс көбейіп, адамға шабуыл жасағанын, сондай кездердің бірінде сәби қарындасын тастап, өзін алып кетуге мәжбүр болған анасы жайлы естелігін айтады.

1917 жылғы революциядан соң совет билігі орнап, қазақ жерінде саяси қуғын-сүргін күшейген шақта басталған ашаршылық салдарынан, фильмде сөйлеген тарихшылардың айтуынша, бір жарым миллионнан астам қазақ қырылған. Совет большевиктерінің бұған назар аудармағаны және қазақ халқы өз бетімен енді ес жия бастағанда қайтадан барлық малын тартып алуға кіріскені айтылады.

Фильмде сөйлеген тарихшылардың пікірінше, совет өкіметіне "қарсы" ірі байлардың дүние-мүлкін тәркілеп, 1927-1928 жылдары жүргізілген жаппай колхоздастыру саясаты 1931-33 жылдардағы ашаршылықтың басты себептерінің бірі болған.


Тарихшылар "совет билігі қазақ халқын аштан қыру саясатын әдейі жүргізді ме" деген сауалға жауап іздегендерін айтады. Олардың сөзінше, "қазақ халқын ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өмір салтынан күштеп ажыратып, мәжбүрлеп отырықшыландыру, барлық малын тартып алу" туралы советтік биліктің құпия құжаттары мен директиваларының барлығы өкіметтің қасақана әрекет жасағанын көрсетеді.

Соның бір мысалы ретінде тарихшы Қайдар Алдажұманов 1930 жылға қарай Қарағанды қаласы тұрғындарының саны небәрі екі жылда ондаған есе өскенін, бірақ ол қазақ халқының есебінен емес, Қазақстанға сырттан келгендер есебінен көбейгенін айтады.

- Аштықтан Қарағандыға қарай босқан қазақтарды кіргізбеу үшін қаладан отыз шақырым жерге айналдыра әскери пост қойылды, сөйтіп, қаладан үміттенген қазақтар далада қырылып жатты, - дейді ол.

Азаттық