09 қаң, 2020 сағат 09:48

Зиябек Қабылдинов: Абай шығармасында біздің өткеніміз бен келешегіміз жатыр

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұдан бұрын біздің елімізде «Рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғанын білесіздер. Ендеше, елді жаңғырту, тарих тағылымын келешекке шырақ етіп ұстау сипатындағы игі істі біз Абайдан бастауымыз керек. Абай деген дәстүрлі қазақ қоғамы ғана емес, ол – кемел келешек. Абайдың мұралары қазақ халқының немесе мұсылман әлемінің ғана емес, бүкіл адамзаттың құндылығы екенін атап өткен Мемелкет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен толық келісемін. Сол себепті Президент бүкіл әлем бойынша Абай орталығын ашуды текке ұсынып отырған жоқ. Ол орталықтар адамдарды Абай шығармасымен таныстырып қана қоймай, бүкіл қазақ халқын әлемге танытады», - дейді Зиябек Қабылдинов.

Профессордың пікіріне құлақ ассақ, Мемлекет басшысының елордада және ойшылдың туған жерінде екі ірі конференция өткізу туралы бастамасының маңызы зор.

«Ол жиындарға елдегі бүкіл абайтанушылар мен ғалымдар жиналып, Абай шығармалары бүкіл әлемге кеңірек насихаттала түседі. Абай шығармаларын әлемнің бірнеше тіліне аудару бастамасына ерекше үміт күтемін», - дейді ол.

Зиябек Қабылдинов сонымен қатар, абайтану ғылымын өркендету, ойшылдың тағылымын ұрпақ санасына сіңіру бойынша да пікірін білдірді.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын жоғары сыныптарға арнап «Біздің Президент» атты кітап жарыққа шыққан болатын. Кітап қарапайым әрі түсінікті тілмен жазылған. Елбасының өмірі мен еңбегі туралы баян етеді. Менің ойымша, осы әдіспен «Менің Абайым» атты әртүрлі тілде кітап жазу керек. Абай Құнанбайұлының кім екенін әрбір оқушы білуі тиіс. Бұл кітаптар жүз мыңдаған данамен оқырманға, ең алдымен жоғары сыныптағы оқушыларға тараса игі болар еді», - дейді тарихшы.

Зиябек Қабылдиновтың айтуына қарағанда, ұлы ақынын ұлықтай білген елдің руханияты да мығым болмақ.

«Әрбір кітапханада Абайдың шығармалары жарияланған кітаптар мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабы тұруы керек деген Президенттің пікірін көңілімнен шықты. Себебі, Абайдың шығармасында қазақтың бүкіл өмірі, мінез-құлқы мен көзқарасы көрінеді. Сол себепті, қазақ халқы Абайды бұдан да терең танып, келешегіне сенімі нығая түсер деген ойдамын», - деді ол.

Еске сала кетсек, «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланған болатын.