19 сәу, 2016 сағат 19:54

Зікірия Жандарбек: Қазақ халқының қалыптасуына дәстүрлі ислам ықпал етті

Ислам өркениеті орта ғасырлардан күні кешеге дейін Орта Азия халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне, рухани өміріне үлкен әсер етті.

Жергілікті халықтың түркі тілінде де шығармалар дүниеге келген. Солардың ішінде сопылық ілімнің көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи дәстүрлі исламның құндылықтарының түркі халықтары арасында дамуға үлкен үлес қосқан. Тұран топырағында ислам дінінің кең таралуына тікелей себепкер болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың дүниеден өткеніне 850 жыл толуына байланысты ЮНЕСКО 2016 жылды Яссауи жылы деп жариялады. Осы орайда ясауитанушы, Зікірия Жандарбектің дәстүрлі ислам, дәстүр мен дін, Ясауидің түркі халықтарының тарихи тағдырындағы рөлі жайында пікірін білген едік. 

– Біз «дәстүрлі ислам», «дәстүрлі дін» деген сөзді жиі қолданып жүрміз. Бұл ислам дінінің қазақ дәстүрімен біртұтастығын білдіреді. Енді осы сөздің мағынасын тереңірек ашып, кеңірек түсіндіріп берсеңіз.

– Қазақтың дәстүрлі дін, дәстүрлі ислам демегінің мәні мынада: қазақ халқының салт-дәстүрімен сабақтаса үндескен дін сол — «дәстүрлі ислам». Өйткені, қазақ халқының салт-дәстүрінің қалыптасуына ықпал еткен сол дәстүрлі ислам. Бізде басқа дін болмаған. Ал, қазақтың салт-дәстүрімен сай келмейтін дін – біздің дәстүрлі дініміз емес. Қазіргі күні қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын исламға сай келмейді, — деп, оған қарсы шығып жүрген діндарлар көп. Егерде олардың соңына ерер болсақ, онда ертеңгі күні қазақ халқын тарихтан кетіреміз. Алла Тағала өзінің Қасиетті Құранында «Біз сендерді бір еркек, бір әйелден жараттық. Руларға, тайпаларға, халықтарға бөлдік. Бірін-бірі білсін деп» (Хужрат, 13 аят.) деген. Сонымен бірге, Қасиетті Құранда былай делінеді: «Ей, муминдер, әр біріңе бір шариғат, бір жол бердік. Алла қаласа, сендердің барлығыңды бір үммет жасар еді»(Маида, 5/48). Демек, әр халықтың өзіндік ерекшелігі болу керектігін әуел бастан Алла Тағаланың өзі жоспарлап қойған. Сол себепті, қазақтың ана дәстүрі, мына салты шариғатқа, исламға сай емес деп жүргендерінің барлығы қазақты жолдан тайдырмақ болып жүргендердің жымысқы саясаты. Әйтпесе, Алла Тағала адам баласына бір ғана дін жіберген. Ол – Ислам. Исламнан басқа дін жіберген емес. Ол туралы Құранда мынадай аят бар:«Діндеріңе бекем болыңдар. Нухқа тапсырған дінді саған да уахи еткенімізді, Ибрахимге, Мұсаға және Исаға бергендерімізді Алла саған да дін етіп берді» (Шура, 42/13).  Осы аяттарға сүйене отырып, Абу Ханифа дін мен шариғатты екі бөліп қарастырды. Дін – біреу, шариғаттар – әртүрлі. Өйткені, Алла Тағала өзі жаратқан халықтарының әр біріне пайғамбарларын жіберді. Ол пайғамбарлар өздерінің үмметтеріне не қажеттің бәрін Алланың әмірімен үйретті. Олардың ішінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып та бар еді. Өкінішке қарай, қазіргі күні шет елдерде діни білім алып келген діндарларымыз қазақтың салт-дәстүрлері түгіл сенім негіздерін де «Аллаға серік қосу» деген қасаң қағиданы алға тартып, жоққа шығаруда. Қазақ ешқашан әулиесін де, әруағын да Аллаға тең көрген емес. Дәстүрге қарсы шығып жүргендер салт-дәстүрлердің қалай пайда болғандығынан хабарлары жоқ. Тіпті білгісі де келмейді. Олардың мақсаты қазақ дәстүрлерінің бәрін жоққа шығару. Өкінішке қарай, бұл үдеріс біздің елімізде қарқынды түрде жүргізілуде.

– Бірақ, қазақтың өзі  «дәстүрдің озығы бар тазығы бар» дейді емес пе? Біз осы озық дәстүр мен тозық дәстүрге қаншалықты мән беріп жүрміз?

– Бұл жерде қазақтардың діни дүниетанымының өзгеруіне байланысты қазақтың бұрынғы ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрінен бас тартуын, өздерінің жаңадан қалыптастырған діни танымына лайықты салт-дәстүрді қабылдағанын  көруімізге болады. Сырттан келген діни ағым міндетті түрде тек діни танымды ғана өзгертіп қоймайды, салт-дәстүрді, жалпы мәдениетті өзгертеді. Бұл біздің тарихымызда бірінші рет болып отырған жоқ. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатыр. Алтын Орданың күйреуі Өзбек ханның ұлы Жәнібек ханның Ясауи жолынан бас тартып, орнына араб дәстүршілдігімен алмастырғанда, халықтың көпшілігінің діни дүниетанымы өзгеріп, этникалық жіктелулерге түсті. Сол кездегі түркілердің діни дүниетанымының негізі болған Имам Матуриди ақидасының Тафтазани жазған «Шарх ақаиди насафийа» атты еңбегі Еділ бойындағы түркілердің діни дүниетанымын түбегейлі өзгертуге ықпал еткен болатын. Насафидің өзі Матуриди мектебінің өкілі болғанымен, оған жасалған талдау сәләфилік тұрғыдан жасалды. Нәтижесінде Еділ бойы түркілердің діни таным негіздері түбегейлі өзгерді. Алтын Орда құрамындағы түркілер этникалық жіктелуге түсті. Сол кезеңде Ясауи жолына адал халық алғаш рет Асан қайғы соңына еріп, Ұлытауда Алаш мемлекетін қалыптастырып еді. Бұл жағдай Өзбек ұлысы кезеңінде тағы қайталанды.

Жалпы Ясауи жолының түркілердегі негізгі айқындаушы діни бағыт болудан  қалуы түркі мемлекеттігінің тарихтан кетуіне ықпал еткен басты фактор болды. Қазақ хандығы сол тізімдегі соңғы мемлекет болатын. Сол себепті, мен бүгінгі күні қазақтың салт-дәстүрінен бас тартып, өзге салт-дәстүрді қабылдап жатқандарды қазақ болып қалады деп айта алмаймын. Оларды енді қазақ емес деп айтса да болады. Ал, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген сөз кешегі қазақы болмысты жоюға бағытталған кеңестік саясаттан қалған сарқыншақ десек болады. Сондықтан мен қазақтың дәстүрінің ішінде тозығы бар дегенге сенбеймін. (Тек, Кеңес өкіметі кезінде қалыптасқан «дәстүрлер» болмаса.) Олардың бәрі ғасырлар бойы сынақтан өтіп, екшеліп барып жеткен құндылықтар. Біз сол салт-дәстүрлерімізбен, мәдениетімізбен қазақпыз.

– Ислам діні келгенге дейінгі шамандық дәстүрлерді осы тозық дәстүрге жатқызуға болады ма?

– Жоқ, болмайды. Бұл сұраққа жоғарыда берілген жауапта біршама айтылды. Біздің қазірге дейін жалғасып келген дәстүрлеріміздің ішінде ешқандай исламға қайшы дәстүрлер жоқ. Бірлі-жарым болуы мүмкін. Бірақ, кешегі қазақ-жоңғар соғысы кезінде қаншама қалмақ қазақ арасына сіңіп кетті. Олардың арасында кездесуі, солар арқылы сол маңдағы қазақтар арасына сіңуі мүмкін.

– Биылғы жылды ЮНЕСКО Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың дүниеден өткеніне 850 жыл толуына байланысты «Ясауи жылы» деп жариялады. Осыған байланысты Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтарының тарихи тағдырындағы роліне қатысты мәселелерге қысқаша тоқталсаңыз.

– Қожа Ахмет Ясауидің еңбегі ЮНЕСКО көлемінде бұлай аталып өтуі әлем жұртшылығының түркі халықтарына деген құрметін білдірсе керек. Ясауи бабамыз мұндай құрметке лайықты тұлға. Ол өзінің жанқиярлық еңбегі арқасында ислам дінін қабылдаған түркі халықтарындағы арабтану, парсылану үдерісін тоқтатты. Сол кездегі түркі қоғамының қалыптасқан бейнесін Қожа Ахмед Ясауи былайша суреттейді:

                     Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті.

                     Күннен күн бетер деген хадис жетті.

                     Пайғамбар айтқандарды келіп жетті,

                     Бұл дүниені қараңғылық басты достар.

                     Ғалымдар бар ілімін малға сатты,

                     Біліп көріп, өздерін отқа атты.

                     Өзі амал қылмай, халыққа ілім үйретті.

                     Дүние үшін діндерін сатты көргін.

                     Ұстаз, дінсіз құлдар болды хакім,

                     Менмендік дүкенін ашып болды залым.

                     Халық ішінде қор болды  дәруіш ғалым,

                     Көпшілігі халықтың кәпір болды, көргін.

                     Дінсіз, ұстаздарға еш қауіп жоқ.

                     Дүние малын жиып, еш тояры жоқ.

                     Ұшып, қонып, өлімнен еш хабары жоқ.

                     Ол жанның діні дүние болды көргін.

Бұл  хикметтер сол кезеңдегі түркі қоғамында қалыптасқан рухани дағдарыстың қаншалықты тереңдеп кеткенінен хабар береді. Сол кезеңдерде түркі мемлекеттерінде қалыптасқан рухани дағдарыстың соңы саяси дағдарысқа ұласқаны, олардың барлығы дерлік  қарақытайлықтардың билігін мойындауға мәжбүр болғаны тарихтан белгілі.

Ясауи негізін салған тариқат жолының аясы тым кең, танымы терең, ғылыми негізі болғандығынан, екі дүниенің ісінен хабары болғандығын көрсетеді. Бұл мысалдар қазақ халқының діни дүниетанымы мен исламдық салт-дәстүрлері тек шариғат шеңберімен шектелмейтінін, тариқат жолы арқылы да қалыптасқандығын көрсетеді. Демек, Қожа Ахмет Ясауи өз тариқатын қалыптастырғанда алдымен исламның рухани негіздеріне баса мән берді. Соларға арқа сүйеді. Бұл Ясауи жолындағы халықтың иман-сенімінің исламдық негіздерден айнымауының кепілі болды. Көп жағдайда Ясауи жолындағы халықтың иманының беріктігі жағынан өзге халықтарға үлгі болатында дәрежеде еді. Бұл ең алдымен қазақ халқына тән қалыптасқан қасиет болатын. Кезінде қазақ «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп, ар-иманын малынан да, жанынан да артық қойып еді. Өкінішке қарай, бұл күндері сол қазақы болмыстан, ар-иманнан ажырап бара жатқандаймыз. Анығын бір Алла жақсы біледі.

– Арнайы алтын уақытыңызды бөліп, салиқалы сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен Олжас СӘНДІБЕК

e-islam