30 сәу, 2019 сағат 14:19

Жыл сайын 12 мыңға жуық қазақстандық Ресейге оқуға түседі

Жыл сайын 12 мыңға жуық қазақстандық Ресейге оқуға түседі, - деді "Россотрудничество" жетекшісінің орынбасары Павел Шевцов.

Ол Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұқбатында Қазақстан мен Ресей арасындағы білім саласы мен гуманитарлық байланыс жайлы айтқан.

"Россотрудничество" 450 орынға квота ұсынады. Осы орынға 3 мыңға жуық адам өтініш тапсырды. Бұл қазақстандықтар арасында Ресейдің жоғары оқу орындарына қызығушылық бар екенін көрсетеді",-  деді Павел Шевцов.

Айта кетсек, бүгін елордада орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары қауымдастығының XIV халықаралық конгресі басталды. Жиында "Көптілді әлемдегі орыс тілі" мәселесі талқыланатын болады.

"Конгресті Нұр-Сұлтан қаласында өткізу шешімі қабылданды. Бұл Қазақстанның халықтар арасындағы бейбітшілік пен татулықты сақтау ұстанымын қолдауды білдіреді. Қазақстандықтар қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді",- деді "Россотрудничество" өкілі.

Павел Шевцовтың айтуынша, Қазақстанда русистиканың ерекше мектебі қалыптасқан. Элеонора Сүлейменова, Галина Власова, Шолпан Жарқынбекова, Нұрсұлу Шәймерденова, Тамара Котлярова, Евгения Журавлева, Татьяна Кривощапова сынды филологтар барша әлемге танылған.

Орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары қауымдастығының алғашқы конгресі осыдан 50 жыл бұрын өткен. Форум бұған дейін бірнеше елде ұйымдастырылды.