20 шіл, 2017 сағат 10:09

Жыл басынан мемлекеттік қызметшілер 1 млрд. теңгеге жуық пара алған

Ағымдағы жылдың басынан бері мемлекеттік қызметшілер 1 млрд. теңгеге жуық пара алған. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары ретінде Айгүл Шаимова айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Ағымдағы жылдың басынан бері пара алғаны үшін 900-ден астам адам ұсталды. Олардың алған параларының көлемі әртүрлі болып келеді. Бірақ, 1 миллион теңгеден кем емес. Дегенмен, соңғы жылдары пара алып істі болған мемлекеттік қызметшілердің қатары кеми түсуде», - деді Айгүл Шаимова.

Сонымен қатар брифинг барысында БАҚ өкілдері әлеуметтік желіде пікір жазған мемлекеттік қызметші жазаланады деген ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатындығын сұраған болатын.

«Менің ойымша, бұл жалған мәлімет. «Мемлекеттік қызмет туралы» заң аясында да, Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде де мұндай жауапкершілік қарастырылмаған», - деді ол.

Осы ретте журналистер ШҚО мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанна Қабдоллақызының әдеп жөніндегі кеңес отырысында әлеуметтік желідегі парақшасында әдепке жатпайтын фотолар мен пікірлер қалдырғаны үшін 30-дан астам мемлекеттік қызметшінің жауапқа тартылғандығын айтқанын мысалға келтірді.

«Пікір жазғаны үшін ешкім жазаламайды. Бұл мәліметті тексеретін боламыз. Жалпы мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік желіде өзін қалай ұстау керектігі Әдеп кодексінде көрсетілген», - деді агенттік төрағасының орынбасары.