08 қаз, 2018 сағат 14:11

Жыл басынан бері халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 549,8 млрд теңге төленді


«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 2018 жыл басынан бері отандық медицина ұйымдарына 549,8 млрд теңге төледі. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа тегін қызмет көрсеткен емханалар мен клиникалар бұл қаржыны кепілдендірілген тегін медициналық көмек жөніндегі келісімшарттар негізінде алды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директорының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова хабарлады.

Айтуынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 8 қазанға дейін 549,8 млрд теңге төленді. «Бұл жалпы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 70 пайызын құрайды», - деді Б.Жақселекова.

Естеріңізге сала кетсек, ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып саналатын Қор емдеу мекемелерімен ТМККК пакеті шеңберінде халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 785,8 млрд теңге.

«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Б.Жақселекова.

Бүгінгі таңда Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша 1379 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 627-сі – жеке меншік. Биыл жеке клиникалар саны 2017 жылмен салыстырғанда 166-ға көбейген. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы 2 есе артып, 120,2  млрд теңгені құрады.