#
#
Жексенбі 22/07/2018

Жүсіпбек Аймауытовтың Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлына жазған хаты

  • 07.01.2018
  • 0
  • 3327

Құрметті Мәшһүр аға!

Сізге үлкен ұятты болдым. Не деп ғафу өтінем десем де, ол өтінішім түкке тұрмайды. Өйткені екі хатыңызға бірдей жауап қайыра алмағаным кешірілмейтін күнә болды. Ренжіген шығарсыз, тек қарғамасаңыз болады. Боқтауға, ұрсуға, ұруға мойынымды ұсынып тұрмын.

Екі жарым ай болды, үйден түзге шықпағаныма. Не істедің десеңіз, "Қылуатта" жатып бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген "Қартқожадан" үлкендігі - екі есе үлкен болады. Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп, тап жынды кісідей болыппын, досты, жолдасты, құрметті қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын. Мен күнді қалай өткізеді десеңіз, міне, былай: таңертең сағат сегізде тұрамын да, шай ішіп, қызметке бала оқытуға кетемін. Күніне алты сағат бала оқытамын. Сағат үште үйге келемін, тамақ ішемін. Одан кейін ұйықтаймын. Сағат алты-жетілерде оянамын. Шай ішемін. Сүйтем де жазуға отырамын. Сол отырғаннан түнгі сағат екі-үшке дейін отырып қалам. Әбден талғанда барып ұйықтаймын. Міне, екі жарым айдай көрген өмірім - осы.

Бірақ бұл күнде романым бітті.
Сіздің соңғы хатыңызды алғаныма екі-үш күн болды. Содан бері насыбай жіберуге бүгін ғана қол тиіп отыр. Бөтелкелер ауыр тартатын болған соң ауа, су өтпейтін қағаздан қалта қылып салдым. Насыбай бұзылмайды деп әркімдер айтады. Қалай жеткенін барысымен білдірерсіз. Насыбайды Қамалдан Байжанов арқылы жіберіп отырмын.

Соңғы хатыңызда жіберетін сөздер даярлап қойдым деген екенсіз. Оларыңызды жібере беріңіз. Басылу жағына сөйлесіп көремін. Түгел басылын кітап болып шықса, тіпті жақсы, әйтпесе, журналдарға бөлшектеп басып отырсақ та жарар. Әрине, өз атыңызбен басылуы керек. Ендігі міндет: сіздің атыңызды тарихта қалдыруға қолдан келгенше жәрдем ету. Оны орындай алам ба, жоқ па?! Білмеймін. Өйткені ескі сөздің, бұрынғы ақынның қадірін білетіндер азайып барады.

Қаламға жармасқаныңызды естіп қатты қуандым. Толстой сексенге келгенше жазған ғой. Әркімнің өз Толстойы өзіне-дағы. Тек өмірлі болғай деңіз.

Анық адресіңізді көрсетіңіз, бұдан былай бір-ақ адреспен жазатын болайын.

Менің адресім: Шымкент. Педтехникум. Маған.
Балалар түгел сау, оқып жүр.
Саулығыңызға тілектес ініңіз.

Әсет Ақмолданың фэйсбуктағы парақшасынан алынды

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар