11 қаң, 2019 сағат 09:57

«Жусан» операциясы қалай жүрді?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясы сәтті аяқталды. Ол Қазақстан Президентінің халықаралық аренадағы жоғары беделінің және еліміздің бейбітшілік бастамалары, қағидаттары негізінде жүзеге асты. Бұл жөнінде Астанада Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Бақытбек Рахымбердиев қатысқан брифингте айтылды. 

Еліміз Сириядағы жанжалды тоқ­тату және сол елде бейбітшілік пен тұ­рақ­ты­лық­ты орнату процесіне бел­сенді атсалысып келе жатқандығы бел­гілі. Оның бір жар­қын дәлелі ретінде Сирия бойынша соңғы екі жыл ішінде Астана процесінің 11 раун­ды өткізілгендігін айтуға болады. Бұл келіссөздердің Сирияның көп­теген аймағында бейбітшілік орнап, қан­төгістердің тоқтауына ықпалы зор болды.

Ержан Ашықбаевтың айтуын­ша, халықаралық терроризммен күре­су біздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шең­беріндегі абыроймен аяқтаған қызме­тімізде де ерекше орын алған.  Ал осы­нау операция толығымен гу­ма­ни­тар­лық сарында өткен. Оны ұйым­дас­тыруға және сәтті өткізуге Қазақ­стан­ның бірқатар мемлекеттік ор­ган­дары, көптеген шет мемлекет­тер және ха­лықаралық ұйымдар атса­лыс­қан. 

– Қазақстандықтарды, әсіресе Ел­басы кеше айтып өткендей, жас бала­ларды елге қайтару жұмыстары жал­ғасын табады. Біз бұл мақсат бойын­ша шет мемлекеттермен және халық­аралық ұйымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз, – деді Сыртқы істер минис­трінің орынбасары. 

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Бақытбек Рахымбердиевтің айтуынша, «Жусан» опе­рациясы бірнеше ай бойы жүргі­зіліп, оны ұйымдастыруда талай қиын­дықтар кезіккен. Осы орайда, елге қай­тарылған азаматтардан қандай да бір қауіп бар ма деген сауалдың туындайтыны да заңдылық. Жалпы, «Жусан» операциясы аясында елге 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала қайтарылған еді. 

– Қазіргі таңда қайтарылған азамат­тардың ішіндегі 6 ер кісі және 1 әйелдің үстінен қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осы­лар және қайтарылған басқа азаматтар террористік әрекеттер тұр­ғысынан толы­ғымен тексеріледі. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине қылмыстық жауап­кершілікке тартылады, – деді Б.Рахым­бердиев. 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкі­лінің айтуынша, бұған дейін шетелдегі қақ­ты­ғыс аймақтарынан оралған азамат­­тар­дың тек 40 пайызы ғана қыл­мыстық жауап­кершілікке тартылып, жа­заларын алған. Бірақ бұл жолғы міндет те, ұс­таным да – өзге. Өйткені басты мақсат елге балаларды қайтару болған. 

Б.Рахымбердиев, сондай-ақ Си­рияда әлі де еліміздің 370-380-ге тарта азаматы қалғандығын жә­не олардың үштен екісі әйелдер екен­дігін, сонымен қатар олармен бірге қо­сақ­тасып 400-500 баланың жүрген­дігін айтты.  

Елге қайтарылған азаматтар 2012-2015 жылдар аралығында Астана, Алматы қала­лары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарынан кеткен. Ал Қазақстанға оралған балалардың әкелері түгелге дерлік соғыс жағдайында опат болған.  

ҰҚК өкілі Сирия мен басқа да қақтығыс аймақтарына кеткендердің көпшілігі интернет арқылы шетелдік «ғұламалардың» арбауына түсіп қалғандығын айтады. 

– Онда мұсылмандар мұсылмандарға қарсы соғысып жатыр. Яғни, әртүрлі топтар бір-бірімен қырылысуда. Ол жаққа бір барғаннан кейін қайта шығу мүмкін емес десе де болады. Өйткені ондай әрекет байқалған жағдайда адамдар өлім жазасына дейін жазаланады. Біздің азаматтардың қашпақ болғаны үшін өлім жазасына кесілгені туралы мәліметтер бар, – дейді Бақытбек Рахымбердиев.

Алайда соңғы екі жылда ел аума­ғынан Сирия бағытына қарай бірде бір адам шықпаған. Сыртқы істер министрлігінде өткен бри­фингке Қарағанды облысының Сәт­баев қа­ласынан арнайы келген Ботагөз Махатова да қатысты. Қос жанарынан жас парлаған бұл әйел­дің ұлы осыдан екі жыл бұрын Сирияда мерт болған. Қазір Шам шаһарының маңын­да келіні мен үш немересі қалып қойған.

– Қазақстанда 120 ана өзінің бала­лары сол жақта жүргенін айтты. 10 ананың балалары мен туыстары қазір Си­риядан келді. Менің келінім әлі сон­да. Көптеген азаматтар қазір ол жақ­та қоршауда қалып отыр. Бүгінгі таң­да олар сол қоршаудан шыға алмауда. Бізге олардың сол қоршаудан шық­қаны хабарланғанымен, жетуі тиіс жер­ге дейін жете алмай жатқаны айтылуда. Олар сол жерге жаяу келе жатқан көрінеді. Қақтығыс орын алып жатқандықтан, олар еркін шыға алмай жатыр. Себебі аумақтардың көбінде миналар қойылған, – дейді Б.Махатова. 

Осы орайда, Алматы қаласына сауда жасау мақсатымен аттанып, Сириядан табылған ұлының діни са­уаты төмен болғандықтан, арбауға түсіп қалғандығын айтқан Ботагөз Махатова бала тәрбиесіне мұқият болу керектігін айтып зар илеуде. 

Ұлының тірі кезінде скайп желісі арқылы байланысқа шыққан Ботагөз Ма­хатова: «Ұлым менен кешірім сұрау­мен болды. Өзі де жағдайдың сол ар­наға бұрылатынын білмеген ғой. Ба­ламды еске алған сайын көзім­нен жас, көңілімнен зар төгіледі. Әрине туғандарын сол жақтан күтіп отыр­ған­дармен ұлымды да күтер едім... Алайда ол енді қайтып келмейді. Қазір келінім мен немерелерімді ғана тосып отырмын», дейді. 

Күні кеше «Жусан» операциясының аясында елге оралған әйелдердің бірі еліміздегі бейбітшіліктің, мамыражай тіршіліктің қадірін уақытында тү­сін­бегендігін, алайда Қазақстан билі­гі шетелдегі соғыс аймағында қалған азаматтарын құтқарғандығына риза­шы­лығын білдірген еді. Іс жүзінде қиын­дыққа душар болған азаматтарға қолдау көрсету – Елбасы бастамасымен қа­лыптасқан сыртқы саясаттағы басым­дық­тарымыздың бірі. Демек, мұндай жұмыстар жалғаса бермек. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан» газеті