25 ақп, 2020 сағат 06:06

Жусан: Қазақстан соғыс аймақтарынан азаматтарды әкелу тәжірибесін бөлісуге дайын

Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің отырыстарына және Қарусыздану жөніндегі конференцияға қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация Адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Кеңесінің жоғары деңгейдегі сегментінің отырыстарына және Қарусыздану жөніндегі конференцияға қатысты.

БҰҰ-ның 75 жылдығы кезеңінде өтіп жатқан адам құқықтары жөніндегі сегментке БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы Тиджани Мухаммад-Банде, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет, 55-тен астам елдің мемлекет басшылары мен министрлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Кеңес отырысында сөз сөйлеген М. Тілеуберді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытын жалғастыра отырып, адам құқықтары саласындағы ұлттық және халықаралық стандарттарға толық қол жеткізуге ниетті екенін атап өтті. Министр қатысушыларды Мемлекет басшысы Жолдауының адам құқықтарын қорғауға қатысты ережелерін іске асыру туралы хабардар етіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне назар аударды.