27 жел, 2019 сағат 18:16

"Жұрт дүрлігіп, жылады": ұшақта болған кәсіпкер апат кезінде не болғанын айтты

Алматының түбінде құлаған ұшақтың ішінде болған кәсіпкер Аслан Назарәлі апаттың қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Мен өзім Алматыда тұрамын. Нұр-Сұлтанда филиалымыз бар. Соған барып, бір шаруаларды реттеп келетін ойым болды. Сөйтіп, таңғы рейске билет алып, астанаға ұшпақшы едім", - деп бастады әңгімесін Назарәлі.

Оның айтуынша, ұшаққа отырғанда бәрі дұрыс болған. Тіпті, жерден сәл көтерілгенде ешқандай ақаулық байқалмады. Бірақ, көп ұзамай, ұшақ шайқала бастады.

"Кәдімгідей қайық сияқты ары-бері шайқалып, теңселіп кетті. Сосын  ұшақтың бәрі селкілдей бастады. Мен өзім құлаққап тағып, телефонды қарап отырғанмын. Бас кезінде мән берген жоқпын. Ал ұшақтың сол жақ қанаты, одан кейін оң жақ қанаты қатты селкілдеп, артынан "тырс" деген дыбыс шыққанда бір ақаулықтың шыққанын түсіндім. Біреу ұшақты тартып қалғандай болды", - дейді Назарәлі.

Кәсіпкер 15 қатарда отырған. Ұшақ құлағаннан кейін 14-ші қатарға дейін отырған жолаушылардың басым бөлігін зардап шекті. 

"Соққының зардабын 14-ші қатарға дейін отырған адамдар көрді. Алдымда сол жақта отырған бір адамның қысылып қалғаны анық есімде. Бәрі дүрлігіп кетті, балалар жылады. Оң жақта біреу апаттық есікті ашты. Сөйтіп, бәріміз содан шығуға ұмтылдық. Ұшақтың қанатымен түстік. Ол тайғақ болды. Бәріміз құлап, жығылып шықтық қой", - деп атап көрсетті кәсіпкер.

 

Оның сөзіне қарағанда, аман қалған жолаушылар зардап шеккендерге көмек көрсетті. Біреуді ұшақтан шығарды, біреуіне далада жәрдемдесті.

"Көп адам зардап шекті. Себебі 14 қатарға дейін ұшақ қатты бұзылды. Жарақат алғандар өте көп болды. Біреудің аяғы сынды, біреудің басы жарылды. Омыртқасынан жарақат алғандарды көрдік. Біз бәріміз далада болдық. 30 минуттан кейін өрт сөндірушілер келді. Артынан тағы 10 минут өткен соң, спринтер келіп жетті. Оның ішінде медицина мамандары болды", - деді Назарәлі. 

Алматыдағы трагедия

Қайғылы оқиға бүгін таңғы жетіде Алматы түбінде болды. Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Fokker 100 ұшағы көп ұзамай Талғар ауданындағы елді мекенге құлады.

Ұшақ бортында 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.

Полиция әзірге 12 адамның қаза болғанын растады. Көз жұмғандар арасында генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров пен республикалық интернет-порталдың шығарушы редакторы Дана Круглова бар. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерт болғандардың жақындарына көңіл айтып, кінәлі адамдар қатаң жазаланатынын жеткізді. Cондай-ақ, Президент 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.