07 қыр, 2018 сағат 13:51

Жүрсін Ерман жат елде жанынан танымастай боп өткен Әблязовты сөкті

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман Швейцарияда Мұхтар Әблязовпен кездесіп қалғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол Швейцарияда серуендеп жүріп, Мұхтар Әблязовпен жолығып қалғанын өзінің желі парақшасында жазған.

"Кеше кешкісін Бақытжамал екеуміз Швейцарияның шағын бір қаласында серуенге шықтық. Көшеде жан жоқ, кенет қарсы алдымыздан Мұхтар Әблязов шыға келді.

- Ей, Әблязовсың ба? - дедім тоқтап. Ол танымайтын, білмейтін, естімейтін адамдай жүрісін жылдамдатып өте шықты.

Оппозиция серкесі болғаныңды ұрайын. Жат жерде жолыққан бір қазақпен амандасуға жарамаған бұл қашақ кімге тұлға болғандай? Осы жүрісінде не мағына бар!? Алаш көсемдерінен садаға кетсін!", - деп жазған Жүрсін Ерман.

Айта кетсек, бұған дейін Тәтішевтің өлімі бойынша Әблязовқа қатысты тергеу жұмыстары аяқталғанын хабарлаған болатынбыз. Әблязовтың қылмысы дәлелденсе, ол өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.